Базалық ставканың 16,75% көлемінде сақталуы тұтынушыларға қалай әсер етеді – Маман жауап берді
7 сәуірде Ұлттық банк базалық ставканың 16,75% деңгейінде сақталғанын мәлімдеді. Ғалымжан Пірматовтың сөзінше, мұндай шешім инфляцияның баялауына байланысты қабылданған. Ал сарапшылар базалық ставканың төмендеуі банк жүйесіне кері әсер ететінін мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Инфляция деңгейі 2022 жылдың наурызынан бері алғаш рет төмендеп, 18%-ға жетті. Алайда экономикалық тұрақтылық жайлы айту ерте. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, базалық ставканың қазіргі деңгейіне мемлекеттік бюджетті қайта қарау мен бюджет ережесін қолданбау әсер еткен.
"Қазіргі жағдайды есепке алып, Ұлттық банк базалық ставканы 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында осы деңгейде ұстау керек деген шешім қабылдады. Бұл инфляцияны тұрақтандыруға және оны әрі қарай төмендету үшін қажет", – деді Пірматов.
Сарапшылар Ұлттық банктің бұл шешімі ақылға қонымды дейді. Базалық ставканы төмендетсе, азаматтар депозиттен ақшаларын шешіп алады. Ал бұл банк жүйесінің құлдырауына әсер етеді. Егер базалық ставка өссе, іскерлік белсенділікке зиян келеді екен. Дегенмен жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға қысым жасауы мүмкін дейді.
"Көмірсутек болмаса, қазіргі өркениет те болмайды, осыны түсіну керек. Сондықтан бензин бағасының өсуі барлық заттың қымбаттауына алып келеді. Өкінішке қарай, базалық ставка мұнда көмектесе алмайды", – деді қаржыгер Арман Бейсембаев.
Базалық ставкаға қатысты келесі шешім 26 мамырда қабылданады. Мамандар еш өзгеріс болмайды деп болжап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған еді.