Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бауырлас Түркия және Орталық Азия елдері маңызды инвестициялық серіктеске айналып келеді - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия мен Орталық Азия елдері Қазақстанның маңызды әріптесіне айналып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол кәсіпкерлермен кездесу барысында бизнестегі бәсекелестікті дамыту бойынша бірнеше тапсырма берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев

Тоқаев бизнесті қорғау механизмін күшейтуден бөлек тартымды инвестициялық климат құруға да баса назар аудару керегін айтты. 

"Ғаламдық тұрақсыздық жағдайында ішкі және сыртқысаясатты нығайту арқылы мемлекеттің рөлі де күшейеді. Алайда біздің стратегиялық мақсатымыз жауапты және мықты жеке бизнесті құру болу керек", – деді президент Ақордадағы кәсіпкерлермен кездесу кезінде. 

Мемлекет басышысының сөзінше, мықты әрі тұрақты нарықтық экономиканы құру үшін әділетсіз бәсеке факторларын анықтап, жоятын жүйелі жұмыстар атқару қажет.

"Мұның пайда болуы мемлекеттік қолдау процестерінің тиімсіздігінде болып отыр. Бұл салық жеңілдіктері, жер телімдерін бөлу, мемлекеттік сатып алулар мен әкімшілік реттеулерге қатысты. 

Мәселен, қазір шағын және орта бизнес үшін жер телімін алатын тиімді әдіс инвестициялық жобаны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның міндетті қатысуымен жүзеге асыру болып отыр. Басқа сөзбен айтқанда, кәсіпкерге базалық өндіріс факторымен бірге мемлекеттің қатысуы қоса міндеттеледі", – деп түсіндірді Тоқаев. 



Президент кәсіпкерлердің жалпы негізде жер телімін алу мүмкіндігі қарастырылмағанына шағымданатынын айтады. 

"Бұл мәселе жер телімдерінің әділ картасын құру арқылы шешіледі деп күтілген. Алайда аталған бағытта жұмыстар баяу жүріп жатыр. Қазіргі электронды қор тұтынушылар үшін қолайсыз, ақпараттың маңыздылығы да сұрақ астында, өзге жүйелермен байланыс жоқ. Мемлекет осы мәселені қарауына алу керек. 

Жобаны тиімді жүзеге асыру келесі қадам жасауды – жер алу үшін өтініш беру және қарау механизмін енгізуді жеделдетеді. Мұндай жүйе жыл соңына дейін іске қосылуы керек", – деді ол кзедесу барысында. 

Тоқаев бәсеке басым нарықтарда баға шектеуін енгізу мәселесіне баса назар аудару керегін айтып өтті.

"Баға шектеуі азық-түлік, дәрі және өзге де бөлшек сауда нарықтарында жаппай енгізілді. Бәлкім, бұл дамуымыздың күрделі кезеңінде қажет те шығар. Дегенмен үкімет бағаны реттеудің нарықтық механизмін қолдану жөнінде де ойлануы керек. 

Жалпы айтқанда, барлық салада бәсекені дамыту керек. Жалған бақылау сезімі тапшылық пен тауар сапасының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. Тепе-теңдік қажет. Бәсекеге қабілетті тауар нарығындағы шамадан тыс баға бақылау мемлекетті жеке салымдардан айырады", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осындай салаларға инвестиция құйып, шикілігі бар кәсіпке араласуы қажет дейді. Сөзінше, аса мұқият болып, нарықтық экономиканың базалық принциптерінен алшақ кетпеу керек. Бұл тауар нарығы мен табиғи монополия қызметіндегі тарифке де қатысты. 

"Инвестициялық климат туралы айтқанда, осындай күрделі жағдайда да біз Еуроодақтан, АҚШ-тан, Қытайдан, тек қаржылық қана емес, кең технологиялық құзыреттері бар басқа да елдерден инвестициялар көлемін сақтау және ұлғайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтынымызды атап өткім келеді. Бауырлас Түркия мен Орталық Азия елдері маңызды сауда-инвестициялық әріптеске айналып келеді. 

Қалыптасқан байланыстар мен тізбектерді сақтай отырып, бұл дағдарыстан шығынсыз шығу керек. Бұл жұмысты жандандыру керек", – деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда “тіреуі бар” деген көзқарас пен рейдерлік болмауы тиіс деп мәлімдеген еді. 

Талқылау