1 миллион теңге үшін: Батыс өңірлік тергеу басқармасының экс-басшысы 9 жылға сотталды
Фото: Mail.kz
Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Жауғашев 9 жылға, әскери тергеушісі Асхат Садуакасов 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Пара алу” бабымен айыпталған әскерилер шендерінен айырылды, жазаны абақтыда өтейді.
Бүгін Ақтөбе гарнизонының әскери соты қос бірдей әскери қызметкерге үкім оқыды. Қылмыстық кодекстің 366-бабы “Пара алу” бойынша айыпталған полковник пен әскери тергеуші 1 миллион теңге ақша сұраған. Олар 700 мың теңгені алу кезінде ұсталды.
Бірінші сотталушы Мұхит Жауғашев – Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы. 47 жастағы полковник Қордай ауданы, Отар станциясында дүниеге келген. ҚР азаматы, ұлты – қазақ, үйленген, білімі жоғары, бұрын сотталмаған.
Екінші сотталушы Асхат Садуакасов – Батыс өңірлік ӘТБ тергеу тобының аға тергеушісі. 26 жастағы аға лейтенант Жетісу облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келген. ҚР азаматы. Үйленген, білімі жоғары, бұрын сотталмаған.
Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2025 жылғы 22 сәуірде тағайындалған.
Іс материалдарына сүйенсек, сотталушыларды ұстау кезінде 700 мың теңге табылған. Сот берген антында тұрмаған әскерилерді кінәлі деп таныды.
“Мұхит Жауғашев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтарында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде, ҚР Ұлттық банкте, қаржы саласында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субьектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Полковник әскери шенінен айырылсын“, – деді судья Айдана Мамбетказиева.
Сонымен қатар сот осы баппен айыпталған аға лейтенант Асхат Садуакасовты кінәлі деп таныды. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім оқыды. Сонымен қатар аға лейтенант шенінен айырды. Оларға жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.
Осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігі Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы Мұхит Жауғашевты ұстаған еді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
