Батыс Қазақстан облысындағы бес баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: instagram.com/batys_kz
4 мамырда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында жекеменшік үйден өрт шығып, бес бала қаза тапты. Облыстық полиция департаменті өкілдері осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Жымпиты ауылындағы жеке үйдегі өрттен кейін кәмелетке толмаған балалардың қазасы фактісі бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. Өлімнің алдын ала себебі – көмірқышқыл газымен улану. Тергеу аясында оқиғаның мән-жайы анықталатын болады", – деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бір отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі бес бала көз жұмғанын жазған едік. Көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған.
Жымпиты ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ресми мәлімдеме жасады. Ол қаза тапқан балалардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық қолдау көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетінін айтты.