Батыс Қазақстан облысында киіктің мүйізін сатып 7 жылға сотталған тұрғындардың туыстары сот шешімімен келіспейді
Батыс Қазақстан облысында киіктің мүйізін сатып 7 жылға сотталған тұрғындардың туыстары сот шешімімен келіспейді. Олардың айтуынша, жақындары броконьер емес. Күдіктілердің дала жануарын аулағаны дәлелденбеген. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның киік мүйізін сатумен және тасымалдаумен айналысқан азаматтар заңсыз сотталып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Айыпкердің туыстары судьялар тым ауыр, әрі әділетсіз жаза тағайындады деп отыр. Шағымданушылар істі қайта қарап, жазаны жеңілдетуді талап етеді.
Мәліметтерге сенсек, сотталушылардың кейбіреуі далада жатқан мүйіздерді жинап, сатумен айналысқан. Ал енді бірі мүйіздерді көлігімен тасып жүргенде ұсталған. Бірақ судьялар мұны ескерместен, дала жануарын қырды деген айыппен ауыр жаза кесті дейді.
"Інім далада өліп жатқан киіктердің мүйізін жинаған. Содан соң оны сатумен айналысқан. Бірақ сот оған киіктерді заңсыз аулаған адамдармен бірдей жаза тағайындады. Қараңыз, мысалы адам киіктің мүйізін тасып, не сақтаса, жануарды аулаған болып есептелмейді", – сотталушының туысы Юрий Кауисов.
Бұдан қалды сотталушылар мемлекетке келтірілген миллиардтаған теңге шығынды төлеуге міндеттелген. Ал киік мүйізін сатумен не тасымалдаумен айналысқандар, мұндай жұмысқа екі қолға бір күрек таппай жүрген соң барған дейді жақындары. Енді оларға түрме жазасынан бөлек, қыруар қаражатты төлеуге міндеттеу ақылға қонымсыз деп ашынады шағымданушылар.
Ал айыпталушының анасы Мерует Дәукенова баласының досына такси жүргізушісі ретінде еріп барғанын айтады.
"Менің балам былтыр көлік жүргізушісі болып, досымен бірге Ақтөбе қаласында ұсталды. Ол киіктің мүйізін де, киікті де аулаған бала емес. Енді 339-баппен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) миллиард іліп отыр мойнына. Жеті ұрпағы төлей алмайтын миллиардты қалай төлейді? Олардың болашағына балта шабылып отыр", – деді сотталушының анасы.
Сондай-ақ, киік мүйізін тасымалдаумен айналысып, жаппай жаза арқалап жатқандардың мәселесі мәжіліс депутаттарын да толғандырып отыр. Бұған дейін депутат Абзал Құспан осындай айыппен түрмеге қамалған жүздеген жан әділетсіз отыр деп есептеп, Бас прокурорға сауал жолдаған болатын.
"Әдетте, бір киіктің құны шамамен 2,5 миллион теңге. Ал тергеу органдары мен сот адамды киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды. Ал ол киіктің өлу себебі өз ажалынан ба, табиғи апатты жағдайлар ма, басқа қарулы адамдар тобы атып өлтірді ме тергеу де, сот та анықтамайды. Соттың да, үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ", – деді Абзал Құспан.
Мәжіліс депутаты сотталған азаматтардың ісін қайта қарап, егжей-тегжейлі талдау жүргізу керек деп отыр. Ал сотталушылардың жақындары бұған дейін әділдік іздеп Жоғары сотқа да барған.
Еске салайық, бұған дейін 16 сәуір күні Қостанай облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесуде де Тоқаев енді ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын жеткізген еді. Атап айтқанда, "Санын реттеуге жататын жануарлар түрлерін жоюға рұқсат беру" мемлекеттік қызметінен киік алынып тасталды.