Депутаттың компаниясы тендерді жеңіп, 2,8 миллиард теңгеге жол жөндеген: Тұрғындар сапасыз асфальтты қайта төсеуді талап етті
Фото: Gov.kz/Видеодан скриншот
Желіде тұрғындар Батыс Қазақстан мәслихатының депутаты тендерді жеңіп ала беретініне шағымданды. Айтуларынша, Минасян Оганестің компаниясы тендерді жеңгенімен қоса, жолға сапасыз жөндеу жүргізді дейді. Олар жосықсыз мердігерді қара тізімге енгізуді талап етті. Stan.kz тілшісі әкімдіктен қандай шара қабылданғанын сұрап көрді.
“Письма президенту” Telegram-арнасының мәлімдеуінше, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының AMANAT партиясынан сайланған депутаты Минасян Оганестің компаниясы "Ануш Құрылыс” әкімдіктен 4,4 миллиард теңгеге тендер алды.
“Орал жолдарын жөндеуге биыл 700 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы 509 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Құрметті БҚО әкімі Нариман Төреғалиев, халықты ойлап, сапасыз асфальтты қайта жасатып, депутаттың компаниясын қара тізімге қосасыз деп сенемін. Бiздiң билiгiмiз депутаттарды, олардың туыстарын тендерге қатыстыруға тыйым салатын заң қабылдап, бұл мандатқа көз тікпейтіндей болар”, – делінген арнада.
Stan.kz тілшісі Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан жағдайға қатысты түсініктеме сұрады. Мәлімдеулерінше, 2024 жылы 4 наурызда облыстық маңызы бар "Чапай-Жаңақала-Сайхин 0-104 км" жолын орташа жөндеу үшін тендер өткізіліп, конкурсты "Ануш Құрылыс" жеңді. Келісімшарт 2,8 миллиард теңге болды дейді.
“Бұл нысан бойынша техникалық қадағалаушы "Кустанай Спец Строй" ЖШС және жолдардың сапасын бақылау үшін "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық-мемлекетік кәсіпорны Батыс Қазақстан облысы филиалымен келісімшарт жасалды, сондай-ақ апта сайын нысандардағы жұмыс барысын қадағалау үшін тексерістер ұйымдастырылды. 2024 жылы ұзындығы 5,7 км асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары орындалды. Алайда сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жұмыстар қабылданған жоқ”, – делінген хабарламада.
Басқарма жол жөндеу жұмысының кешіктірілгеніне байланысты сотқа талап-арыз түсірген.
“Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 11 ақпандағы шешімі негізінде "Ануш Құрылыс" ЖШС-дан мемлекет кірісіне 11,5 миллион теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді”, – деп жауап берді басқарма.
Еске салсақ, қазақстандықтар депутаттарға тендерлерге қатысуға тыйым салуды талап етіп, петиция жариялады.