Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 600 орындық жеке мектеп салу жоспарлануда

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспорт көлемін ұлғайту жөнінде өңірлік кеңес өтті. Мұнда Теректі ауданының Подстепное ауылында 600 орындық бір ауысымды жеке мектеп салу туралы талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

мектеп

Кеңеске төрт инвестициялық жоба ұсынылды. Алғашқысы – Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өңдеу өнеркәсіп кешенін салу жобасы. Кешен газды өңдеу жолымен аммиак пен электр энергиясын өндіреді.

Кеңес отырысында "Qazblim мектебі" ЖШС басшысы Аятжан Ахметжан Теректі ауданының Подстепное ауылында салынатын мектеп құрылысының жобасымен таныстырды. Бұл – 600 орындық бір ауысымды және 1200 орындық екі ауысымды жеке мектеп. Жоба құны - 2,4 миллиард теңге. Құрылысқа 150 адам тартылады, құрылыс дайын болғаннан кейін 120 педагог жұмыс істейді. Құрылысты 2024 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Одан кейін Орал-Ақтөбе тас жолы маңындағы сервис құрылысының жобасы қаралды. "Ихсанов ЖК" қаржы директоры Дили Жұбаева нысан құрылысының 1-ші кезеңінде қонақ үй, кафе, паркинг салынатынын айтты. Құрылыс жұмыстары жылдың соңына қарай басталып, 2023 жылдың аяғында бітеді. Жобаның 2-кезеңінде автожуу, ЖҚС, монша кешені құрылысы, көлік жөндеу жүзеге асады. Бұл үшін 200 млн теңге жұмсалады. Директор жобаны іске асыруға 3 гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуды сұрады.

Төртінші жоба Оралдағы бетон зауытының ашылуына бағытталған. "Артстройхолдинг" компаниясы директорының орынбасары Қуантай Шәріпов тауарлы бетон өндіру зауыты туралы түсіндірді. Ол мемлекет тарапынан жер учаскесін бөлуді сұрады. Барлық экологиялық талаптарды сақталатынын мәлімдеді. Жобаның құны 613,6 миллион теңгені құрайды. Озық түрік технологияларына негізделген кәсіпорын жылына 180 мың текше метрге дейін тауарлық бетон шығара алады. Жоба бойынша 10 жұмыс орны ашылады.

Кеңес мүшелері төрт жобаны да мақұлдады. Жиналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы аталмыш жобаларға 1,5 триллион қаражат бөлініп, олар іске асқан жағдайда 1700 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

 

Талқылау