Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамандар 4 мамырда Ресейде дефолт орнайтынын болжауда: Бұл Қазақстанның экономикасына қалай әсер етпек?

Америкалық The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Ресейде 4 мамырда дефолт орнайды. Бұған себеп – мемлекеттің сыртқы қарыздары бойынша доллармен есеп айырысу мүмкіндігінің болмауы. Сарапшылар Ресейдің дефолтқа ұшырау ықтималдығы 93% тең екенін айтып отыр. Көрші елдің банкрот болып жариялануы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл туралы қаржы мамандары айтып берді. 

Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде Батыс елдері мемлекеттің шеелдегі активтерін тұтастай бұғаттап тастады. Өз кезегінде Ресейдің Орталық Банкі долларлық облигация иелеріне пайызды рубль бойынша төлеуге мәжбүр болған. Десек те шарт бойынша бұл облигациялардың пайызы тек доллармен өтелуі қажет еді. Егер 4 мамыр – жеңілдік мерзімі аяқталғанға дейін Ресей қарыздарын өтей алмаса, “бұл дефолт ретінде қарастырылуы мүмкін”, дейді сарапшылар. 

Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді? 

DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры, қаржы сарапшысы Тимур Айсаутов Ресейде дефолт орнайтынына күмән келтірмейді. Десек те, бұл жағдай көрші мемлекеттің экономикасына айтарлықтай әсер ете қоймас. 

“Ресейде сыртқы қарыздарын жабу үшін қаражат жетерлік. Алайда басқа мемлекеттер қарызды рубльмен алудан бас тартып отыр, ал Мәскеудің шетелдегі активтері бұғатталған. Негізгі сұрақ бұл дефолт Ресейдің қазіргі жағдайын өзгерте ме? Әрине, жоқ. Себебі болар іс әлдеқашан болып қойған: осыдан бір жарым ай бұрын енгізілген санкциялар Ресейге де, Қазақстанға да өзінің кері әсерін тигізгенін барлығы да біледі. Ресей алдағы дефолттан гөрі, осы санкциялардан көбірек зардап шегіп отыр”, – дейді экономист.



Оның сөзінше, бұл Батыс елдерінің Ресейге қарсы қолдан жасалып жатқан шарасы. 

“Әрине, Ресей мұны мойындамайды. Сондықтан дефолт жарияланған соң  айтарлықтай өзгерісті күтудің қажет жоқ. Дефолт – дегеніміз заң жүзінде Ресейді банкрот деп тану. Бұған дейін батыс мемлекеттерінің үкіметтері ресейліктерге тиесілі мүлікті конфискациялап, активтерін бұғаттаса, енді бұған шетелдік ірі ұйымдар, банктер қосылып, ашық түрде Ресейге шабуыл жасай бастайды”, – деп қосты ол.

Маман дефолттың кері әсері бірден байқалмайтынын сөз етті. Айтуынша, оның салдары уақыт өте келе бір-ақ байқалады. 

“Дефолт – Ресейдің экономикасының құлдарауын бастайтын қозғаушы күш деуге болады. Мамыр мен жаз айларында қаржы нарығында еш өзгеріс байқалмауы мүмкін. Себебі қазір рубль бағамы жіті қадағаланып отыр. Дей тұрғанмен, жаздың соңына, қыркүйек-қазан айларына қарай рубль девальвациясы орын алуы ғажап емес. Ал теңге ресейлік валютаға тәуелді екенін ескерсек, бұл жағдай біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды”, – деді Тимур Айсаутов.

Әріптесінің сөзімен қаржы маманы Арман Бейсембаев те келісіп отыр. Оның сөзінше, қазір қазақстандықтарға Ресейдегі жағдай алаңдамауға болады. 

“Ресейде дефолт болады деп 100% сенімділікпен айта аламын. Дегенмен бұл көршілес елдің экономикасы құлайды деген сөз емес. Өйткені дефолт Ресейдің ішкі экономикасындағы мәселелердің салдарынан туындап жатқан жоқ. Мемлекеттің сыртқы қарызын жабуға қаражаты жетерлік, бірақ жарияланған санкциялар оған қолбайлау болуда. 

4 мамырда дефолттың жариялануы біреуді таңғалдыра қоймас. Қазақстан бұл дефолттан қорықпай-ақ қойса да болады. Біздің елімізді Ресейдегі қазіргі жағдай  алаңдатуы керек. Себебі әлем Ресейді тұтастай оқшаулап тастады. Ал біздің республиканың импорты тікелей Ресейге тәуелді. Бізге тауарлардың көп бөлігі осы елден келеді. Ал батыс жариялаған санкциялар жағдайды ушықтырып отыр. Меніңше, дефолттан гөрі, Қазақстанға осы санкциялардың кері ықпалы көбірек”, – деп түйіндеді сарапшы.  

Түсіндірме үшін: Дефолт деп қарыз шартын орындамау, несие немесе облигациялық міндеттемелері бойынша сыйақыны немесе негізгі қарызды уақытылы төлемеуді айтады. Дефолтқа міндеттемелерін өтей алмаған компаниялар, жеке тұлғалар және мемлекеттер ұшырауы мүмкін. Мемлекетте немесе компанияда дефолтқа жариялануы басқа елдердің немесе кредиторлардың оған қарыз беруден бас тартуына әкеледі. 

Ресей бұған дейін 1998 жылы дефолтқа ұшыраған болатын. Салдарынан салымшылардың көп бөлігі жинақтарынан айырылып, валюталық салымдардың құны көкке ұшты. Халық несие алу мүмкіндігін жоғалтты. 

Талқылау