"Басыңды жарып, пышақ тығамын": Алматыдағы кафелердің бірінде ер адамның тегін тамақ талап еткен видеосы тарады
Фото: Видеодан скрин
Меруерт есімді оқырман Алматыдағы "Неделька" кафесінде ер адамның дөрекілік танытып, тегін тамақ мен шай сұраған сәтін желіге салған. Қыздың сөзінше, ер адам менеджерге қазақша сөйлемегені үшін қоқан-лоқы көрсеткен. Дегенмен желі қолданушылары ер адам керісінше қызмет сапасына риза болмай, қазақша сөйлемегеніне ашуланды деп пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мерует "Неделька" кафесінде болған жағдайдың бір сәтін видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Оның айтуынша, ер адам кафеге кіріп, тегін шай мен тамақ талап ете бастаған.
"Менеджер (орыс жігіт) оны орысша сабырға шақырмақ болды. Алайда ер адам бұған одан бетер ашуланып, менеджер қазақша сөйлемегені үшін қорқыта бастады. Кейін даяшылар оған бір стақан су берді. Меніңше, "Басыңды жарамын, қазір пышақ тығамын" дейтін адамдар қоғам үшін қауіпті және оларды ерекше бақылауға алу керек", – деді қыз.
Сонымен қатар қыз бұл жағдайдың қазақ тіліне еш қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.
"Бұл ер адам жай ғана тегін тамақ беруді беті бүлк етпей талап етті. Мұқият оқыңыздар. Бұл жазба арсыз, жазасыз "халява" іздеушілер жайлы! "Неделькадағы" сервис қаладағы кез келген филиалда өте жоғары деңгейде, қызметкерлер екі тілде де тамаша сөйлейді, мәзір де екі тілде", – деп жазды Меруерт.
Алайда видеода ер адамның "пышақ тығамын" деген сөздері естілмейді. Видеодан менеджердің оны сыртқа шығарғысы келгені байқалады.
"Бар анау жаққа. Не айтып жатқаныңды түсінбей тұрмын. Түсінбеймін сені. Ой, жарайды, қойшы...", – деген ер адамның даусы естіледі.
Оқырмандардың пікірі екіге жарылып, бірі ер адамды қолдады. Олардың айтуынша, адам жай ғана тегін тамақ сұраған жоқ, кәдімгі клиент ретінде кіріп, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрады. Ал оған қазақша қызмет көрсетуден бас тартты. Бұл жай ғана эмоция емес, өз елінде жүрген азаматтың заңды талабы дейді оқырмандар.
Осы жағдай бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, инцидентке қатысы бар адамның әрекеттеріне қолданыстағы заңнама аясында тиісті құқықтық баға беріледі. Алматы полициясы азаматтарды кез келген жанжал немесе даулы жағдайларда құқықтық нормаларды сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және жедел әрекет ету үшін құқық қорғау органдарына дереу жүгінуге шақырады", – деп жауап берді Алматы полициясы.
Еске салайық, бұған дейін "Неделька" кафесі қазақша қызмет көрсетпеді деген шуға іліккен еді. Алматылық Мағжан Ысқақ “Неделька” кафесі қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартты деп видео жариялады. Ол қазақша сөйлегені үшін елемей, орысша сөйлейтіндерді ғана отырғызғанын айтты. Кафе меңгерушісі Досымхан Орынхан бұл жағдайды жоққа шығарып, жігітке орын ұсынылмағанын, түсініспеушілік болғанын жеткізді. Сондай-ақ кафеде қазақша мәзір барын және қызмет көрсетілетінін айтты.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
