Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басыңды қауіп-қатерге тігудің қажеті жоқ": Алматы орталық мешітінің наиб имамы қажылыққа бару үшін арнайы виза рәсімдеудің маңызын айтып берді

Биыл Сауд Арабиясы мұсылмандар қажылық жасауы үшін арнайы виза жасатуы керек деп міндеттеді. Себебі қажылыққа заңсыз келушілердің саны көбейсе, арнайы шақыртумен, визамен келгендердің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Ел билігі визасыз келушілерге салынатын айыппұл көлемін де атады. Қажылық ережелерін бұзғандарға 10 мың сауд риалы (шамамен 2700 доллар) көлемінде айыппұл салынады. Ал қажылық тәртібін бұзғандарды тасымалдағандар алты айға дейін бас бостандығынан айырылып, 50 000 риалға (шамамен 13 300 доллар) дейін айыппұл төлейді. Мұндай өзгерістің маңызы қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы орталық мешітінің наиб имамы, Кеңес беру және оңалту орталығының теологы Руслан Қайыргелдіден сұрап білді.

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Қажылыққа бару үшін оның арнайы визасын алу қаншалықты маңызды?

Теолог Руслан Қайыргелді қажылыққа арнайы виза алып қана барудың мәнін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жылда Сауд Арабиясына қажылық жасаймыз деп құжатсыз келетін адам көп. Ал халықтың көптігі кейде қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін.

“Қажылық жасау үшін арнайы виза алу өте маңызды. Сауд Арабиясы мемлекеті жылда қажылық рәсімін өте жіті бақылап отырады. Өйткені сырт мемлекеттерден, көрші елдерден қажылық жасаймыз деп келетіндер арнайы шақырумен, визасымен келіп жатқан адамдарға кедергі жасайды. Ел азаматтары кіші қажылыққа барып, “артынан үлкен қажылық міндетімді атқарамын” деп сол жақта қалып қояды. Сонда басқа елден визамен келіп жатқан қажыларға орын азаяды. Сондықтан олай тәуекел жасап, басыңды қауіп-қатерге салудың қажеті жоқ. Виза алу үшін біздің Қазақстанға арнайы квота бөлінеді. Сол квотаға ие болған қажылық компаниялары арқылы виза алып, ресми түрде барған дұрыс болады”, – деп түсіндірді маман.

Қажылыққа ниет еткен азаматтардың арнайы визасы болмаса, олар қандай мүмкіндіктен айырылады?

Мысалы, жылда Қазақстанға шамамен 5000 квота келеді. Квота Малайзияға мынанша, Түркияға мынанша деп бөлінеді. Кейін квота әр елдің діни басқармалары мен қажылық компаниялары арқылы үлестіріледі. Сол себепті визасыз барған адам Сауд Арабиясының территориясына кіргеннен кейін шынайы қажылық рәсімін жасай алмай қалады.

“Өйткені ол алдын ала ешқандай да рұқсат қағаз жасатпады. Сондықтан да осындай тәуекелге бармай, дұрыс, ресми жолға қойылған заңды жолмен виза алып, қажылық компанияның сүйемелдеуімен барған дұрыс. Сонда адамдардың өзіне еш кедергі болмайды. Визасыз барған адамдар Сауд Арабиясына кіргенде жергілікті полиция қызметкерлерімен міндетті түрде кездеседі. Себебі полиция қызметкерлері ондай адамдарды жіті тексереді, бақылап жүреді. Неге десеңіз, визамен барған адамдардың қолында арнайы браслеттер болады, кеудесінде бейджі ілініп тұрады. Сол бейдж бен браслет арқылы адамның қонақүйін де, қызмет етуші компаниясын да тауып алады. Қолында ешқандай құжаты болмаса, міндетті түрде жергілікті тәртіп бақылаушыларының назарына ілігіп, қолына түседі. Ал бұл үлкен ресми мәселеге ұласады”, – деп ескертті наиб имам.

“Жаяу немесе велосипедпен жолға шығатындар не болмақ?

Қажылыққа мұндай визаны енгізудің мәні зор дейді маман. Айтуынша, қазір азаматтарға осы мәселеге қатысты ескертулер жасалып жатыр. Азаматтарымыз өзге елде ыңғайсыз жағдайға түспеуі үшін алдын ала дайындық жүргізіледі.

“Біз ылғи да кеңес береміз. Жасыратыны жоқ, қазір жаяу немесе велосипедпен қажылыққа шығатын адамдар бар. Алла олардың ниетін қабыл қылсын! Бірақ бұл жолаушылар Сауд Арабиясының территориясына кірген кезде үлкен кедергіге тап болады. Себебі арнайы ресми құжаты болмаған соң оған қажылық рәсімдерін толық жасауға рұқсат берілмейді. Сондықтан сонша қиналып, ауыр сапарды өткеріп жеткенінің бәрі зая кетуі мүмкін”, – деді Руслан Қайыргелді.

Еске салайық, биыл 26 сәуірде Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі қажылық визасы болған жағдайда ғана қажылыққа рұқсат етілетіні туралы мәлімдеме жасады. Яғни, умра визасы ғана жарайды, қалған туристік, жұмыстық, отбасылық, транзиттік және басқа да виза түрлері қажылық парызын өтеуге құқық бермейді. Сонымен бірге ел билігі үндеуде қажылық парызын өтеуге ниет білдірген азаматтарға абай болуға және әлеуметтік желілер арқылы өз қызметін жарнамалайтын және қажылықты ұйымдастыруға заңды құқығы жоқ компаниялардың қызметтерін пайдаланбауға кеңес берді.

Ал Сауд Арабиясы Корольдігінің аға ғұламалар комитетінің 24 сәуірдегі отырысында мынадай пәтуа қабылданды: "Қажылық жасау үшін қажылық визасын алу міндетті. Егер адам қажылық визасынсыз келсе, ол күнә жасаған болып саналады. Себебі заңсыз келген адамдардың кесірінен қажылық жасаушылардың саны шамадан тыс болып кетуі мүмкін. Бұл қажылық парызын орындаушылардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Қажылардың құқығы да, жұрттың да мүддесі бұзылуы мүмкін".

Сауд Арабиясына визасыз кіргендерге айыппұл салынады

Осындай шектеулерден соң Сауд Арабиясының қоғамдық қауіпсіздік қызметі ережені бұзып, қажылыққа визасыз барған қажыларға айыппұл сала бастағаны белгілі болды. Қажылық ережелерін бұзғандарға 10 мың сауд риалы (шамамен 2700 доллар) көлемінде айыппұл салынады. Сауд Арабиясының азаматтары емес адамдар депортацияланып, оларға белгілі бір мерзімге елге кіруіне тыйым салынуы мүмкін. Қайталап бұзғаны үшін айыппұл екі еселенеді. Қажылық тәртібін бұзғандарды тасымалдау кезінде ұсталған адам алты айға дейін бас бостандығынан айырылып, 50 000 риалға дейін (шамамен 13 300 доллар) айыппұл төлейді. Сонымен қатар оның көлігі тәркіленеді.

Қажылық визасы жоқ адамдардың кіруіне тыйым салынған аймақтарға Мекке қаласы, орталық аймақ, қасиетті жерлер, Харамейн теміржол вокзалы, бақылау-өткізу пункттері, тексеру орталықтары және уақытша бақылау бекеттері кіреді. Ереже 2024 жылдың 20 маусымына дейін күшінде болады деп ескертілді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық және умра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында әділ бәсеке болуы үшін әрі қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылғы қажылықты ұйымдастыруға өтініш білдірген туроператорлар арасында байқау жариялаған еді. Нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық байқаудан өткен 16 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымында қандастарымызға тиісті қызмет көрсетуге ресми рұқсат берді. 2024 жылғы қажылық маусымында осы туроператорлармен субагенттік келісім жасасқан 16 туроператор мен 19 турагент Сауд Арабиясының талаптарын толығымен орындады. Қазақстаннан қажылардың уақытында төлеген қаржысы бойынша қажылыққа 5 081 орын бөлінді. Бүгінде қажылық сапары жалғасып жатыр. Қажылар сапардан маусымның соңында оралады.

Айта кетейік, Қазақстандағы қажылыққа апаратын тур компаниялар визаны 2019 жылдан бастап онлайн түрде рәсімдей алады. Шарты бойынша, ең әуелі, қажылыққа барғысы келген адам мұсылман болуы керек. Тек әйел адам жалғыз барғысы келсе, оларға виза берілмейді. Яғни, оның қасында ертіп жүретін туыс ер адам немесе күйеуі болуы шарт.

Талқылау