Өмірдің қиын сынағынан өткен дәрігер баспаналы болу арманын қалай жүзеге асырғанын айтып берді
28 жастағы дәрігер Аңсат Дәрібаевтың қайсарлығына күллі Қазақстан тәнті болды. Екі жыл бұрын сұрапыл Қаңтар оқиғасы кезінде өзгелерге көмектесіп жүрген дәрігердің басына оқ тиіп, жас жігіт қатты жарақаттанған. Ажалдан аман қалған Аңсаттың сағы сынбай, денсаулығын түзеп, бүгінде жұмысына қайта оралған. Сонымен қатар ол айналасындағыларға адамның арман-мақсаты айқын болса, әр әрекетіне берекет бар екенін дәлелдеген. Жас маманның жігерлігін байқап, көмек қолын созуға асыққан Отбасы банк ипотекалық бағдарламаларының бірінің шарттарын өзгертіп, ақ халатты дәрігерге баспана алуға жәрдемдескен екен. Жақында ғана қалауындағы пәтерді алған алматылық тұрғынмен Stan.kz тілшісі тілдесіп, үйді қалай алғанын, Отбасы банкінің оған және өзі сияқты мүгедектігі бар азаматтарға қандай мүмкіндік бергенін тыңдаған еді.
Қаңтар оқиғасынан кейін өмірім түбегейлі өзгерді
Алматыда туып-өстім және осы қалада тұрамын. Жұмысым, өмірім өзгелерге көмек берумен тікелей байланысты: бет-жақ хирургы және тіс дәрігері болып істеймін. Бала кезімнен арманым мен мақсатым айқын еді: медицина саласында қызмет еткім келді. Сөйтіп оқуымды бітіріп, жұмыс істедім әрі отбасы құрып үлгердім. Жұбайым екеуіміз өз шаңырағымызға ие болу үшін ақша жинап жүрдік. Дегенмен бір күні өмірім түбегейлі өзгерді. Қаңтар оқиғасы кезінде әдеттегідей жұмыста едім. Алматыда жаппай көтеріліс болды. Дәл сол уақытта жарақат алған азаматтарға көмекке барамын деп өзімнің басыма оқ тиді. Қансырап, есімнен танып қалдым, бірақ біраз уақыттан соң есімді қайта жидым. Шыны керек, алғашында басыма жай ғана әйнек кіріп кеткен деп ойладым. Кейін аурухана жеткізген соң, дәрігердің “өліп кетуі не мүгедек болып қалуы мүмкін” деген сөзінен кейін ғана оқ тигенін, ауыр жарақат алғанымды түсіндім. Дегенмен мен жаман ойлардан аулақ болдым. Дәрігерлердің уақытылы көмек бере алатынына сендім.
Шынымен-ақ, көрер жарығым бар екен. Екі отадан соң, аман қалдым. Тұрақты түрде ем-дом қабылдағанымның арқасында тез оңала бастадым. Қазір 3-топтағы мүгедектігі бар адаммын, дегенмен жүріп-тұра аламын. Десе де мен үйде ештеңе істемей жата алмадым. Тезірек сауығу үшін жұмысыма да оралдым. Алғашында қолымның моторикасы әлсіз болды, сол себепті ота жасамадым. Бірақ қазір оңалдым.
Отбасы банк маған тиімді болатын бағдарламаны тауып берді
Біз әйелімнің әжесінің бір бөлмелі пәтерінде тұрдық. Отбасы банкінен шот ашып, депозитке ақша жинап жүргенмін. Жарты жылда миллион теңгедей жинадық. Кейін әкемнің зейнетақы қорында шешіп алуға болатын шекті мөлшерін алып, депозитке салдық. Сөйтіп алғашқы жарнаны жинап, “Наурыз” бағдарламасына тапсырып көрдім. Өкінішке қарай, балым аз болып, өтпей қалдым. Себебі бұл бағдарламада балл берілгенде бала саны да ескеріледі екен. Алайда жұбайым екеуімізге менің денсаулығыма байланысты қазір бала жоспарлауға болмайды. Әрине, көңіл-күйіміз түсіп кетті, дегенмен қазақтың “бұйырған кетпейді, қуған жетпейді” деген сөзі рас екен.
Бұған дейін журналистер менің Қаңтар кезіндегі оқиғамды баяндап, “Қазақстан халқына” қорынан ем үшін қаражат алуыма көмектескен еді. Олар менің баспанаға қатысты жағдайымды да жазды. Сол мақаланы Отбасы банкінің өкілдері оқыған соң, бірден маған хабарласып, мені “Отбасы банк” АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Еркенқызы кездесуге шақырды.
Отбасы банкінде “Наурыз” бағдарламасынан басқа түрлі тиімді бағдарлама бар екен. Олар маған ыңғайлы әрі тиімді болатынын тауып берді. Мәселен, соның бірі - “Жасыл ипотека”. Бұл бағдарламаның шарты бойынша, адам алғашқы жарна ретінде 20% соманы салса, қалғанын 12,5%-бен (ЖТСМ 13,3% бастап 18,1% дейін) ипотека алуына болады. 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдарға аталмыш заемды 7%-бен алу жеңілдігі қарастырылып қойған екен. Бірақ менің жағдайымды ескеріп, банк шарттарын өзгертті. Енді олар 3-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да 7%-бен ипотека рәсімдеуге мүмкіндік сыйлады. Оған менің оқиғам түрткі болды. Банктің мұндай шешіміне тәнті болдым әрі алғысымды білдірдім. Отбасы банкінің халықтың, әр азаматтың жағдайын ескеруі - игі іс. "Отбасы банк"" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Еркенқызына, үйдің құжаттарын рәсімдеуге көмектескен Алматы қаласындағы "Отбасы банк" филиалының директоры Данагүл Түсіповаға алғысым шексіз.
Арманымдағы үйді алдым
Өзім бұрыннан Алматыдағы Green City деген тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер алғым келетін. Бірақ қаражат жағынан кішкене жетпей тұрды. Дегенмен Отбасы банкінің “Жасыл ипотекасының”, оған қоса пайыз мөлшерлемесін аз болғанының арқасында өзімнің ойымдағы үйге ие болдым. Сөйтіп ипотеканы 16 жылға рәсімдедім, бірақ ерте төлеп, жауып тастауыма болады. Қазір айына 245 мың теңге төлеймін. Алматыда екі бөлмелі пәтерді кемі 250-300 мың теңгеге жалдайсың. Ал мұнда жалға төлеп қана қоймай, сол баспананың иесі боласың. Сондықтан бұл ипотеканы тиімді дер едім.
Пәтерім кең, ауданы - 58 шаршы метр. Дегенмен әлі ішін жөндеп жатырмыз. Жұбайым екеуіміз ішін өзіміздің талғамымызға сай, өзіміз армандағандай заманауи стильде жасатып жатырмыз. Бұйырса, жөндеу жұмысы біткен соң, көшіп барамыз деген үміттеміз.
Баспана қолжетпес арман емес
Бүгінде баспаналы болу - қолжетпес арман емес. Қазір түрлі әдіс бар. Мемлекеттік бағдарламаларды көруге болады. Оған сай келмесе, банктерге барып, олардың өзінің бағдарламаларымен танысып, тиімдісін таңдауға мүмкіндік бар. Мәселен, жаңалықтарды бақылап, Отбасы банкінің жаңа жобалары басталған кезде банкке барып, менеджерден кеңес алу қажет. Сонда адамның ойы, жоспары жүйеленеді. Барлық мүмкіндікті қолданып көрген жөн. Мәселен, мен сияқты зейнетақы қорындағы қаржыны алуға болады. Түрлі амалын қарастырған азал. Әрине, оған қоса ақша жинау керек екенін де ұмытпау керек. Барлық мүмкіндікті қолданып көру керек. Депозитке қаншалық көп ақша жинасаң, соншалық тезірек баспаналы болуға мүмкіндік көп.
Жұбайымның, отбасымның және достарымның қолдауы өмірімдегі ең қиын сәттерді оңай еңсеруге жәрдемдесті. Олар маған үміт, күш-жігер сыйлады. Сөйтіп өзіме деген сенімім артты да, еңбектеніп қалаған мақсаттарыма жеттім: денсаулығым жақсарды, сүйікті ісіммен айналысып жатырмын, баспаналы болдым. Ең бастысы, тек талпыну керек екен. Оның үстіне, әрекет еткен адамға ойламаған жерден, жан-жақтан көмек те келеді екен. Мәселен, менің арманымның тез орындалғанына себепкер болған Отбасы банк сияқты! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, адам шын ниетімен қаласа, қолынан бәрі келеді екен.