Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басына кірпіш құлап, көз жұмған әйел: Оралдағы тұрғын үй 60 жылдан бері жөндеу көрмеген

Оралда кірпіші құлап әйел өліміне себеп болған тұрғын үй 60 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиғаға байланысты Орал қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

Әкімдік мәліметінше, Н.Назарбаев даңғылы 236-мекенжайында орналасқан 48 пәтерлік 4 қабатты үй 1963 жылы пайдалануға берілген.

"Аталған үй бойынша "Жұлдыз-Алға" пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Үйге алпыс жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. "Жұлдыз-Алға" ПИК мәліметі бойынша тұрғын үйді күрделі жөндеу туралы жиналыс ұйымдастырылған. Алайда кворумның болмауына байланысты үйді күрделі жөндеу және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасына қатысу туралы шешім қабылданбаған. Оған қоса ПИК те, тұрғындар да көшеде үй маңында тұрған ағаштарды кесу жөнінде қала әкімдігіне жүгінбеген", – делінген әкімдік хабарламасында. 

БҚО полиция департаменті аталған оқиға адам өлімі ретінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін, соған сәйкес тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. 

Еске салсақ, бұған дейін Оралда көшеде кетіп бара жатқанда әйелдің үстіне кірпіш құлап, көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау