Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басына диван құлаған: Ақтаудағы қайғылы жағдайға қатысты тергеу қайта басталды

Жарты жылдан астам уақыт бұрын Ақтауда басына диван құлап, ер адам көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты тың деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Актау диван

Фото: Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Ақтауда тұрғын үйдің жанында өтіп бара жатқан адамның үстіне жоғары қабаттан диван құлағап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. 2023 жылғы 14 қыркүйекте Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабы 7-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қайғылы оқиғаға себеп болған күдікті табылмағандықтан тергеу жұмыстары тоқтатылды. Ақтау қаласының прокуратурасы бұл шешіммен келісті.

Алайда 2024 жылғы 21 маусымда бас прокуратура істі тоқтата тұру туралы қаулының күшін жойып, қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігіне ("Кісі өлтіру") сәйкес қайта сараланды. Тиісті нұсқаулар берілді.



“Тергеу жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты Маңғыстау облысының полиция департаментіне полиция органдары басшыларының қызметін бағалау мәселесін қарау бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды”, – деп мәлімдеді бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Еске салайық, Ақтауда 11 шағын ауданы, №41 үйдің жанында өтіп бара жатқан адамның үстіне жоғары қабаттан диван құлаған еді. Салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, көз жұмды. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 114-бабы денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс тоқтатылған еді.

Талқылау