Басын тақырлап, дәрі ішкізген: Әйел сау қызын да, қайырымды жандарды да оның қатерлі ісікке шалдыққанына сендірген

2001 жылы АҚШ-тың Огайо штатындағы Урбана атты шағын қалада тұратын, дипломы бар мейірбике Тереза Милбрандт отбасы мен бүкіл қалаға алты жастағы сап-сау қызы Ханнаға лейкоз бен омыртқа ісігі диагнозы қойылғанын жариялайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ханнаның әр таңы әлсіздік пен бас ауруын тудыратын дәрілер қоспасынан басталған. Аптасына бір рет Тереза оны “химиотерапияға” апарған. Алайда жолда қызға сүтті коктейль беріп, ол көлікте ұйықтап қалатын, “процедурадан кейін” қолында жаңа жапсырмамен оянатын. Екі айдан соң Ханна “химиядан шашы түсіп қалды” деген сылтаумен қызы ұйықтап жатқанда шашын тақырлап алып тастаған. Мектепте оған “емдік” тағамдарға арналған шағын тоңазытқыш қойылып, далада бетперде тағып жүрген.
11 мың адам халқы бар қалада “батыр қыз бен өзін-өзі аямайтын мейірбике-ана” туралы әңгіме тез тарайды. Терезаға халықтың жанашырлығы мен таңданысы жауады. Супермаркеттерде Ханнаның суреті бар жәшіктер қойылған, өрт сөндірушілер қайырымдылық кештерін ұйымдастырған. Осылайша ол 65 адам мен компанияны алдап, шамамен 15,8 миллион теңге (сол кездегі $31 000) жинаған.
Ханнаның әкесі Боб медицина қызметкері болған жұбайына сеніп, қайғыдан қан жұтып, есепшоттарды төлеу үшін күні-түні жұмыс істеген. Жеті ай өткен соң Тереза ем көмектеспегенін, қыздың санаулы апта өмірі қалғанын мәлімдеген. Сол кезде Ханнаның “өлім алдындағы” психотерапия сеанстары басталады.
Бұл шындық кездейсоқ ашылған. Ханнамен жұмыс істеген психолог өлім аузындағы балалардың арманын орындайтын қайырымдылық қорына өтінім бермек болады. Ол үшін емдеуші дәрігердің деректері қажет еді. Тексеру барысында Ханна Милбрандт есімді науқас туралы ауруханаларда ешқандай жазба жоқ екені анықталды.
Кейінірек тергеуде сұмдық шындық әшкереленген – диагноз да, дәрігерлер де, химиотерапия да болмаған. Тереза жылдар бойы қызына ұйықтататын әрі қажетсіз дәрілер беріп, емді қолдан жасаған. Мақсаты – ақша, атақ және айналасындағылардың аяушылығы.
2003 жылы Тереза Милбрандт бала өміріне қауіп төндіру, алаяқтық және ұрлық үшін 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін шындықтан бейхабар болған әкесі Боб та бала өміріне қауіп төндіру бабы бойынша сотталды. Ол қызын сотта куәлік беруден қорғау үшін тергеумен келісімге келіп, 4 жыл 11 ай түрмеде отырды.
Ханна үшін бұл тозақтың соңы жаңа жарақатпен жалғасты, ол бір жылдай асырап алған отбасыларда тұрды, әкесінен айырылды, өз денесіне және адамдарға сенбеді. Оған ес жиып кету үшін жылдар бойы терапия мен жақындарының қолдауы қажет болды.
Қазір Ханнаның өз отбасы – күйеуі және екі баласы бар. Алты жастағы ұлына қарап, өзі бастан кешкендерді ойласа, зәресі ұшады. Ол анасын кешіре алмайды. Кездейсоқ кездесудің де алдын алуға тырысады. Анасының қазір қалай өмір сүріп жатқанын білгісі де келмейді.
Айта кетейік, бұған дейін үй қызметшісі баланың сүтіне дезинфекциялық қоспа қосып, қашып кеткені хабарланған еді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған