Башқұртстанда белсендінің сотынан кейін ереуіл басталып, полициялармен қақтығыс болған
Башқұртстандағы белсенді Фаил Алсыновқа үкім жарияланған күні Баймақ соты ғимаратына бірнеше мың адам келді. Белсенді араздықты қоздырғаны үшін төрт жылға сотталып, қамауға алынды. Алсынов мінген автозак сот ғимаратынан шыға алмады, себебі наразылық білдірушілер жолды жауып, құқық қорғау органдарымен қақтығыс басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2020 жылы Алсынов Куштау тауында алтын өндіруге қарсы шығып, митингідегі сөзі үшін сотталды.
"Мені қолдауға келгендердің барлығына көп рақмет. Мұны ешқашан ұмытпаймын және өз кінәмді мойындамаймын. Мен әділдік үшін, халқым үшін, республикам үшін күрестім. Әлі көрісерміз. Мұндайды күтпедім, әрине. Апелляцияға береміз", – деді ол.
Сот ғимаратының алдына көптеген адам келіп, "Ұят!" деп ұрандатты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қауіпсіздік күштері жиналғандарға түтін мен көзден жас ағызатын газы бар бірнеше бомба лақтырған. Салдарынан бірнеше адам зардап шекті. Жергілікті билік шеруге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Башқұртстан басшысы Радий Хабиров былтыр белсенді Фаил Алсыновтың үстінен арыз жазды.
2023 жылдың сәуірінде Алсынов ауыл шаруашылығы жерлерінің жойылуына және судың ластануына әкеліп соқтырған заңсыз алтын өндіруге қарсы жиында сөз сөйледі.
Ол башқұрттар Украинада соғысып жатқанда Башқұртстандағы олардың жерін тартып алып жатқанын айтты.
“Башқұртстанда алтын өндіріп, табиғатты бұзғандар кейін өз еліне кете алады, ал алтын өндірудің зардабы жергілікті тұрғындарға тиеді. Армяндар атамекеніне, "қара халық" атамекеніне, орыстар Рязаньға, татарлар Татарстанға барады.Ал біз ешқайда кете алмаймыз, себебі басқа үйіміз жоқ, біздің үйіміз – осы", – деді ол.
Сонымен қатар белсендіге "қара халық" деген сөз тіркесін қолданғаны үшін айып тағылған.
Билік прокуратураға жолдаған хатында ол "башқұрт халқын армян, орыс және татар ұлттарының өкілдерімен салыстырып, ұлтқа қатысты меншік құқығы болатынын үндеді. Сараптамада Алсынов "армяндар" тобына теріс баға бергені айтылған.
"Мен армяндар туған жеріне кете алады дедім, татарлар мен орыстарды да атап өттім. Бірақ мен олардың Башқұртстанда тұруға, жұмыс істеуге құқығы жоқ деп айтқан жоқпын... Мен бұл халық өкілдерін еш айыптамадым, олар туралы кемсітетін сөздер айтқан жоқпын", – деді сотталушы.
Белсендінің жақтастарының айтуынша, қылмыстық іс Алсынов Куштау тауына қатысты мәселе көтергеніне кек ретінде қозғалды.