Бәсекелестікті қорғау агенттігі "Қазақтелекомға" қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады
Фото: yandex.kz
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты тергеп-тексеру жүргізуде. Бұған байланыс операторының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне баға динамикасына талдау жүргізген.
"Қазақтелеком" АҚ әрекеттерінде қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы оператордың интернетке қол жеткізу тарифтерінде жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жетті", – делінген ведомство хабарламасында.
Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Қазақтелекомға" қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеп-тексеру жүргізуде.
Бұдан бөлек агенттік ұялы байланыс қызметтерінің де баға динамикасына талдау жүргізген.
"Оның барысында да монополиялық жоғары баға қою белгілері анықталды. Қазіргі уақытта ұялы байланыс операторына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеру тағайындау мәселесі қаралуда", – делінген ресми хабарламада.

Алматы әкімдігі шетелдік туристерге сыйлық үшін 44 миллион теңге жұмсады
