Бақытгүл Хаменова тойға қатысу үшін арнайы рұқсат алған – Бас прокуратура

Фото: atpress.kz
Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев пара алғаны үшін сотталған Бақытгүл Хаменованың қонақ ретінде үйлену тойында жүрген видеосына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
"Хаменова ханымға жазаны өтеуді үш жылға шегеру қолданылған. Мұндай шара оған осындай іс-шараларға қатысуға тыйым салмайды. Оның үстіне, ол пробация қызметінен арнайы рұқсат алған", – деді Қойгелдиев.
Сондай-ақ ол жазаны өтеуді кейінге қалдыруға қатысты заңдағы өзгерістерге тоқталды.
"16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Бұрын бұл мәселе соттың қалауы бойынша шешілетін, яғни, қолдану немесе қолданбау соттың құзыретінде болатын. Енді бұл – соттың міндеті. Дегенмен, шегеру ауыр және аса ауыр қылмыстарға – терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық әрекеттер сияқты істерге қолданылмайды," – деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, 2022 жылдың қарашасында сот Бақытгүл Хаменованы кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, бірақ екі кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жазаның орындалуын 3 жылға кейінге қалдырған.
Бұл іс бойынша Атырау облысының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев және "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов та сотталған еді. Оларға Абай ескерткішін орнатуға арналған келісімшартты жасау үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алу және беру фактісі бойынша айып тағылған.
Соттың шешімімен Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды (жазаны өтеу кейінге қалдырылды), Ақылбек Рысқалиев 7 жылға сотталды, Өміртай Адамов – 4 жылға бас бостандығынан айырылды (залда қамауға алынды).
Бақытгүл Хаменова мен оның адвокаты апелляциялық шағым берген, алайда сот оның үкімін күшінде қалдырған.
Ал екі басқа фигуранттың жазасы жеңілдетілді. Ақылбек Рысқалиевтің жазасы 7 жылдан 2 жылға қысқартылды. Өміртай Адамовтың жазасы 4 жылдан 1 жыл 6 айға дейін азайтылды.
Еске салайық, бұған дейін желіде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың үйлену тойында жүрген видеосы тараған еді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Бақытгүл Хаменованың тойдағы бейнежазбасына қатысты түсініктеме берді.
Алматыда шешек дерті өршіп тұр: Дәрігер ауру қалай тарайды және одан қалай қорғануға болатынын айтып берді