Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік өнімдеріне жеңілдік жасауға шақырды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: migrantumir.com
Бас мүфти баршаны қасиетті айда атқарылатын игі шараларға үлес қосуға шақырды.
“Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын "Рамазан қоржыны", "Рамазан сыйы", "Рамазан тәттісі" "Жомарт жұма", сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткіміз келеді”, – дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
“Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне барынша жеңілдік жасауға шақырамын. Азық-түлік мекемелерінде қолжетімді бағада ас мәзірін ұсыну – мақтауға тұрарлық істердің бірі. Бар жамандықтың бастауы болатын арақ-шарап дүкендері сатылмаса екен деген тілегімізді айтқым келеді. Осы ретте барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан маңызды нысандардың: жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешендерінің құрылысына аз да болса үлес қосуға шақырамыз", – ҚМДБ төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылғы Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланған еді.