"Барлығына қарызбыз": Алматыда "Алтын Орда" базарындағы кеңсе тауарларын сатушылар жертөлеге көшуге қарсы
Алматыда Алтын орда базарының сатушылары оқу жылы қарсаңында базарда оқу құралдарының сату орнын жертөлеге өзгерткеніне наразылық білдірді. Сатушылар жанжал тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті әкімшілік сатушыларға жертөлеге көшуді ұсынған.
Кәсіпкерлер бұл ұсыныспен келіспейді. Өйткені сатып алушылар тұрақты сауда нүктесіне үйреніп қалған.
"Қазір жертөлеге ешкім келмейді. Өйткені сыртта сатылатын кеңсе тауарлары көп. Олардың барлығын да жертөлеге көшірсе, онда сауда жасауға қарсы емеспіз", – деді кәсіпкер Жанна Жәлімбетова.
"Мен өткен жылдың қараша айынан бері жертөледе саудамен айналыстым. Мұндай жағдайда жалдау ақысын немесе несиені жаба алмаймын. Қазірдің өзінде барлығына қарызбыз. Барлығы да жертөлеге көшіріліп, кеңсе тауарлары бір жерден сатылса, мұндай жағдай болмас еді", - деді кәсіпкер Мейрамгүл Төреханова
Мәселе мынада, кеңсе тауарларын сатушылардың бір бөлігі жертөлеге көшуге келісті. Ал екінші бөлігі сатып алушылар әлдеқайда көп көшеде саудасын жалғастыруда.
"Бұл адамдардың басты талабы – көшедегі сатушыларды жертөлеге көшіру. Сол арқылы барлығын бір жерге біріктіру. Бірақ мәселе, дүңгіршектері көшеде тұрғандар сауда нүктелерін қосалқы жалға беру арқылы қыруар ақша төлеген. Кейбіреулері өтуге болатын жер болғандықтан әрқайсысына 1,5 миллион төлейді", - деді заңгер Ізбасар Өтеулин.
Базар әкімшілігі саудаға бірдей жағдай жасау мақсатында кеңсе тауарларын сататындардың барлығын бір жерге біріктіруді жоспарлап отырғандарын қосты. Алайда, кәсіпкерлер келісімге келе алмағандықтан, әркім өз орнында қалуға рұқсат берілді.