Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы ерікті түрде болды": Атырауда 15 жасында жүкті болып қалған қыз сотта түсініктемесін өзгертіп жіберген

Атырауда өзінен 5 жас үлкен жігіт зорлағанын айтып шағымданған 15 жастағы қыз сотта түсініктемесін өзгерткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

2024 жылдың қыркүйегінде 15 жастағы атыраулық қыз зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын, артынша жүкті болып, өзін зорлаған ер адамға күштеп тұрмысқа шыққаны туралы айтып, шағымданған еді. 

Қоғамда дау тудырған оқиғадан кейін Атырау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. 

Кейінірек қылмыстық істің сотқа “Зорлау” бабымен емес, "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу” бабы бойынша түскені белгілі болды.

Сот барысында жәбірленуші қыздың әлеуметтік желілерде жасаған мәлімдемесі толықтай расталмағаны анықталды. Сот кезінде ол өз айғақтарын өзгертіп, 20 жастағы танысымен жыныстық қатынасқа өз еркімен түскенін мәлімдеген. Біраз уақыттан кейін олар ресми түрде некеге тұрған. Қыз әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық туралы айтқан видеосын туыстарының қысымымен түсіргенін айтты.

Сонымен қатар жәбірленуші ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, соттан болашақ баласының әкесін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған.

"Біз ерікті түрде жыныстық қатынасқа түстік, ол мені қазақтың салт-дәстүрімен үйіне апарды. Кейін біз той жасадық", — дейді қыз.

Іс материалдарына неке куәлігі де тіркелген. Алайда, қыз әлі кәмелетке толмағандықтан, 2024 жылғы 25 желтоқсандағы сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасын алды.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында 21 жастағы жігіт 15 жасар жасөспірімге үйленіп, жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталғаны туралы жазған едік. 

Талқылау