Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өрттің кесірінен далада қалған семейлік отбасы ескі қораны пана етуге мәжбүр

Семейлік көпбалалы ананың ескі қорада тұрып келе жатқанына бір аптадан аса уақыт өткен. Айдың-күннің аманында далада қалған шаңырақ халықтан көмек сұрауға мәжбүр. Кенеттен өртке оранып, жалын құшқан үйлерінің орнында күлден өзге ешнәрсе қалмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Өрт – тілсіз жау. Таңертең балаларын алып ауруханаға кеткен анасы қайта оралғанда өз көзіне өзі сенбеген. Даңғарадай үйдің түгі де қалмай жанып кеткен. Барлығынан бір пәсте айырылған олардың тауы шағылып, паналайтын жер іздеген. Мамандардың өртке қатысты нұсқалары – отты пайдаланудағы абайсыздық немесе қасақана өрт қою. Ток сымдарының дұрыс істемеуі де себеп болуы мүмкін дейді. Алайда қай себепті атамаса да нәтиже жалғыз.

Барарға жері болмаған отбасының амалсыздан үйдегі ескі қораны паналаудан басқа амалы қалмаған.

"Жалынның өте жылдам таралуынан үйдің едені, төбесі бәрі жанып жарамсыз күйге түскен. Түнде қораны паналаймыз. Бұрын сиыр ұстаған жерді жуып тазалап алдық", – дейді үйдің отанасы әрі көпбалалы ана Толғанай Рахимжанова.

Абырой болғанда өрттен отбасы мүшелерінің ешқайсысы жапа шекпеген. Сонда да баспананы қайта қалпына келтіру оңай шаруа болмайтынын ешкім жасыра алмайды. Балғындардың да тәтті күлкісі тыйылып, мөлдіреген жанарларына мұң үйірілгенін де аңғару қиын емес.

Қазір көпбалалы шаңырақ аулада салынған ескі ағаш қораны пана етіп отыр. Түнімен жаңбыр жауып, төбемізден су тамшылап осы жерде жатамыз дейді аналары.

"Жағдайымыз өте қиын. Жолдасым жалғыз жұмыс істейді, ал мен қант диабетімен ауырамын. Есепте тұрған адаммын. Қолымнан ауыр жұмыс келмейді. Сондықтан екі кішкентайыммен үйде отырамын. Күйеуімнің бір өзінің тапқаны барлығымызға жетпейді", – дейді ол. 

Қазіргі уақытта Рахимжановтар әулетінің жайынан еріктілер де, жергілікті кәсіпкерлер де хабардар. Олардың барлығы қолдарынан келгенше көмектесуге дайын.

"Отбасының шынымен де зардап шеккені туралы акт толтырылды, олар енді әлеуметтік қорғау билік органдарынан бір реттік әлеуметтік көмегін алуға дайындалуда. Ең жоғары мөлшердегі көмек көрсетілетін болады. Алайда біздегі ең үлкен көмектің сомасы 290 мың теңге", – дейді қаланың ерекше санаттағы азаматтарына төлем тағайындау бөлімінің басшысы Марина Часовникова.

Бөлім басшысының айтуынша, уақытша жатын орын да тауып бере алмайтын көрінеді. Бұдан кейін пәтер туралы әңгіме қозғаудың өзі де артық секілді.

Төрт баласымен далада қалған ана енді көп ұзамай күн райы да бұзыла ма деп үрейленеді. Көмек күтіп отырғанда қылышын сүйретіп қыс келсе, не істейтінімізді білмейміз дейді олар.

Талқылау