Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысындағы тұрғындар балшыққа батып, жол азабын тартып отыр

Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің мәліметіне сүйенсек Қызылорда облысындағы 1000 км, Түркістан облысындағы 900 шақырым автожол 100 пайыз нормаға сай. Дегенмен, тегіс жолдардың жанында балшыққа батып жатқан жолдар да жетерлік, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына арнасына сілтеме жасап.  

Қызылжарма

Қызылорда қаласының орталық көшелерінен бөлек жатқан жолдарда асфальт тұрмақ, тас төселмеген. Балшыққа белшесінен батқан қала тұрғындарының айтуынша бұл көріністі жыл сайын тамашалауға болады.

Сыр еліндегі қыс басқа өңірлерге қарағанда жылы өтеді, сондықтан қала тұрғындары алғашқы қармен бірге езіліп жатқан балшықпен арпалысып, аяқ алып жүруден қалады. Әсіресе, қаланың шетінде тұратындар лай кешіп, жолдың азабын тартып келеді. Қаламен тіршілігі біте қайнасқан Қызылжарма елді мекенінің қазіргі көрінісі көңіл көншітпейді. Шаһардың бір бөлігі болғанымен мұндағы халық өркениеттен тыс өмір сүріп жатыр. Өйткені балшыққа иленген көшелермен жүріп-тұру халыққа үлкен мұң.

Қала тұрғындары бұндай өмірден шаршағандарын жеткізді. Айтуларынша, діттеген жерге жету үшін шалбардың балағын түріп, резеңке етік киіп алған жөн, әйтпесе етік шақ келмейді. Балалар мектепке бару үшін екі аяқ-киім көтеріп жүрулеріне тура келеді. Далаға шығып ойнайын десе, алаңсыз ойнайтындай жер де жоқ. 

Қала іргесіндегі округте бүгінде 15 мыңға жуық халық тұрады. Бірақ жөні түзу жолдардың саны санаулы. Елдімекенде 120-дан аса көше болса, соның басым бөлігінде асфальт түгілі, тас та төселмеген. 

«Досқали Сыздықов» көшесінің әрбір тұрғыны есіктің алдына шыға сала ми батпаққа тап болады. Тобықтан келетін лайды кешіп өту үшін тұрғындар көбіне резеңке етікті пайдаланады, өйтпеске амал жоқ. Сыздықов көшесінің сиқы осы. Еріген қар көлшікке айналып, жол былшылдаған батпақ. Ең қиыны тұрғындар сырқаттанып қалса, мұнда жедел-жәрдем жете алмайды. Ашынған халық жолдың мәселесін көтеріп, әкімдіктің талай табалдырығын да талай тоздырған, бірақ көптің талап тілегі құрғақ уәде күйінде қалуда. 

Тұрғындардың айтуынша, әкімшілік жыл сайын жол жасауға уәде береді, алайда оны іске асыруға ешбір асықпайды.

Қызылжарма ауылдық округі осы кезге дейін әкімге де жарымай келген, айналдырған үш-төрт жылда талай басшы ауысып, халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалған. Ал, жуырда ғана тағайындалған жаңа әкім тұрғындардың мәселесін шешуге күш саламын деп отыр.

«89 миллион теңгеге 15 көшеге жобалық сметалық құжаттар әзірлеп, мемлекеттік сараптаудан өткен. Қазіргі таңда осы көшелердің жеті көшесінде жол жөндеу жұмыстарын биыл бастаймыз деп отырмыз», - дейді Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов. 

Қаланың шет аймағындағы «Әл-Фараби Мөлтек» ауданының тұрғындары да ұзақ жылдардан бері жол азабын тартып келеді. Өткен жылы басшылық бұл елдімекеннің көшелерін жөндеуге уәде берген, алайда өткен жылғы көрініс әлі де өзгерген жоқ.

Жергілікті әкімдіктен үмітін үзген жұрт, әр үйден азын-аулақ ақша жинап, көшеге құм төккізді, бірақ кейбір жер оңалмай тұр, тіпті кейбір жолдарға адам түгілі үлкен техникалар батып қалып жатады. Батпақтан әбден әбіржіген тұрғындар балаларын мектеп пен балабақшаға арқалап апаруға мәжбүр. Ал кейбір оқушылар аяқ-киімдерінің сыртынан полиэтилен пакеттерін киіп, үлкен жолға дейін лаждауға тырысады. Бірақ оның өзі ұзаққа жетпей жыртылып, кейде лай кешіп кетеді. Бүгінде шет аймақтағы балалардың арманы мектепке асфальтпен қатынау.

бала 
Халық жол жоқ деп, мұңын шақса, әкімдік қаржы тапшы деп ақталады. Бүгінде шет аумақтағы жүзден аса көшеге жөндеу жұмыстары керек. Биыл соның отыздан астамы ғана жөнге келтіріледі деп жоспарланып отыр. 

«Қазір халықтың сұранысын ескере отырып, биылғы жылы аса көбірек көңіл бөлінуде. Мысалы, айта кететін болсақ, осы екі көшеге, ауылдық округтер бар, кенттер бар, 892 157 000 миллион теңге қаралып отыр қазірдің өзінде. Ал енді ары қарай кезең-кезеңімен қажетті көшелергше бюджеттің мүмкіндігіне қарай ақшалар бөліне береді. Бірақ бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ, бір жылдың ішінде шешілмейді де», - дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Ақпан, 2020 09:04
Талқылау