Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балиде коктейль ішкен турист жанарынан айырылды

Әйел коктейль ішіп жанарынан айырылды

Фото: Ru.freepik.com

Балиге саяхаттап барған канадалық әйел метанол бар коктейль ішіп, көз жанарынан айырылған. Ол әлеуметтік желіде алкогольдің қаупі туралы айтып, басқа туристерге ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hindustan Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Эшли Кингтің айтуынша, бұл ішімдік иісі мен дәмі жағынан күнделікті ішіп жүрген алкогольден еш айырмашылығы жоқ. 

Метанол – түссіз және мөлдір болғанымен, адам ағзасына өте улы. Ол көбіне бензин, бояу еріткіштері мен әйнек тазалағыш сұйықтықтардың құрамында кездеседі.

“Бар болғаны 30 миллилитр немесе бір ғана ішімдік мөлшері адамды өлтіруі мүмкін. Ал 15 миллилитрі адамды соқыр етіп, ағза қызметін бұзады, бауыр мен миға зақым келтіруі ықтимал", – деп ескертті бойжеткен.

Метанол кей елдерде арзан алкоголь өнімдерінің көлемін арттыру үшін қосылады. Осы ішімдіктерді барлар мен қонақүйлерге сатып, адамдар пайда табуға тырысады.

Кинг 2011 жылы колледжге түспей тұрып Бали аралына барған. Ол сол жерде қымбат мейрамханалардың бірінде арақ қосылған коктейль ішкен. Ал келесі екі күн бойы қатты ауырған, бірақ оған аса мән бермеген. Алайда Жаңа Зеландияға жетіп, ұйықтап, бөлмесінде оянғанда ештеңе көрмей қалған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Қанынан анықталған метанолдың деңгейі жоғары болғаны сонша, дәрігерлер оның ес-түсін жоғалтпағанына таң қалған.

Метанолмен уланған адамның күйі әдеттегі масаңдыққа ұқсас болуы мүмкін: бас айналады, жүрек айниды, құсады. Бірақ 72 сағат ішінде олардың көзі бұлдырап, тыныс алуы қиындайды, іші ауырады. Дәрігерлердің айтуынша, егер уланған адам 10-30 сағат ішінде медициналық көмекке жүгінсе, бойға тараған удың бетін қайтарса болады. Ең таңқаларлығы – кәдімгі алкоголь метанолдың ағзадан шығуына көмектесуі мүмкін.

Статистикаға сенсек, Азияда метанолмен улану жағдайлары ең көп тіркелетін елдер – Индонезия, Үндістан, Камбоджа, Вьетнам және Филиппин.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 10:32
Талқылау
`