Аборт жасатқан әйелді 30 жылға түрмеге жапқан. Ол сегіз жылдан кейін бостандыққа шықты
Сальвадорда абайсызда құрсағында баласын өлтіріп алған Сара Рогел есімді әйел 30 жылға түрмеге қамалған. 8 жыл өткен соң ол бостандыққа шықты.
Сара Рогель 2012 жылы киім жуып жүріп, аяғы тайып, құлап кеткен көрінеді. Салдарынан оның құрсағындағы бала шетінеп кеткен.
Көп қан жоғалтқан келіншек ауруханаға түседі. Сараптама нәтижесінде баланың басына зақым келгені анықталған. Мамандар баланың абайсызда шетінеп кеткеніне сенбей, Сараға қасақана сәбиін өлтірді деген айып тағылады. Артынша судья кінәлі деп тауып, 30 жылға бас бостандығынан айырған.
Жақында 10 жылын түрмеде өткізген келіншекті судья мерзімнен бұрын босату туралы шешім қабылдапты. Десек те оның үкіміне прокурор қарсы шығып, апелляцияға беретінін мәлімдеген.
"Біз оны 10 жыл бойы күттік, қызымызды көрмей 10 жыл өмір сүрдік", – деді Сараның әкесі Анхель Рогель.
Сальвадор прокуратурасы бес күн ішінде шағымға апелляция жолдай алады. Оның жауабы тағы бес күннен кейін белгілі болады.
"Сот үрдісі бірнеше инстанцияға, бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Егер бұлай болмағанда Сара бүгін босап шығатын еді. Біз оның түрмеден шығуына орай, мерекелік іc-шара ұйымдастырып жатқан едік", - деді абортты қылмыстандырмау азаматтық тобының президенті Морена Эрера.
Бұған дейін 2021 жылы мамырда Сальвадордағы әйел белсенділер абортты қылмыстандырмау туралы көтерілген бастаманы заңнамалық тұрғыдан бекітуді талап еткен. Бұл бастамада егер бойжеткен зорланып, артынша аяғы ауыр болып қалса немесе құрсақтағы бала туған соң өмір сүре алмайтын жағдайда болса, аборт жасатуға рұқсат беру туралы айтылыпты. Десек те ел президенті мәселені талқылауға арналған жиынды кейінге қалдырған.
Бұған қарамастан белсенділер үкіметтің реформа жасауға келісім беруі үшін барын салмақ.
"Біз депутаттарға заңнама бойынша жиын өткізуді сұрап, хат жолдайтын боламыз. Сонымен қатар, адам құқығы бойынша екі ісіміз бар", - деді Эррера.
Оның айтуынша, Сара Рогельдің түрмеден босатылуы туралы шешім оларға үміт отын сыйлаған. Бірақ прокуратураның қарсы әрекеті мәселенің шешілуіне қолбайлау болуда.
Айта кетейік, Сальвадор - абортқа қатысты ең қатал жаза қарастырылған мемлекет. Бұл елде аборт жасауға тыйым салынған, ал әлі тумаған баланы өлтіру ауыр қылмыс болып есептеледі. Қазіргі таңда мемлекеттік мұндай қатал заңдарына БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар қарсылық білдіруде. Бұған дейін Сальвадорда акушердің көмегіне жүгінген үш әйелді баласы түсіп қалғаны үшін түрмеге жабылған. Осыған орай, БҰҰ мемлекеттік бұл әрекетін сынға алып, жан-жақты тексеру жүргізуге шақырған еді.

"Насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр": Сайран жағалауын қоқыстан тазартқан жігіт желіде мақтау жинады
