Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларыңды балалар үйіне өткіземіз": Нұр-Сұлтанда көпбалалы ана коллекторлардың бопсалауына шағымданды

Елордалық көпбалалы ана Жұлдыз Мамырова қала ішінде такси қызметін атқарып, 5 баласын асыраған. Алайда карантин күшейтілген тұста, қарызын өтей алмаған. Осыны пайдаланған коллекторлар "балаларыңды балалар үйіне өткіземіз" деп қорқытып, астындағы көлігін алып кетіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

Жұлдыз Мамырованың айтуынша, ол коллектордың кесірінен табысынан айырылып отыр. Пандемияға дейін, көлікті несиеге рәсімдеп алған. Карантин салдарынан жұмысы тоқтап, 2 айлық борышын өтей алмапты. Осыны желеу еткен коллекторлық ұйым өкілдері, көлікті алып кеткенін айтты. Тіпті бопсалаған көрінеді.

“Қарақшылар сияқты, өздерінің заттарын алып кеткендей, өздерінің заттары қалып кеткендей кіріп келді. Онда қол қойыңыз деді. Мына қағазға қол қойып берсеңіз, біз балаларыңызға тиіспейміз, кетеміз деді. Көлікті бізге беріңіз, болды деді. Мақұл, жарайды балаларға тиіспеңдер, қол қойып берем дедім”, – дейді көпбалалы ана. 

Мәселінің ақ-қарасын ажырату үшін, көлікті тәркілеген агенттікке де хабарластық. Бірақ ондағылар жауап бермейміз деп қысқа қайырды.

Дегенмен, заңгер бұл әрекетті заңға қайшы деп бағалады. Өйткені соттың шешімі шықпай жатып, агенттік өкілдері мүлікті тәркілеуге құқы жоқ екен.

“Олар кәсіби түрде қорқытып, адамдарға төлетіп жатады. Үйіңізге келеміз, тәркілейміз деп. Оның барлығы өтірік болатынын біліп жүру керек. Өйткені үйге келіп, мүлікті тәркілей алмайды. Себебі онда соттың шешімі болу керек”, – дейді заңгер Қабанбай Қуанышев. 

Заңгер Қабанбай Қуанышевтің есебінше  коллекторлардың әрекетіне қатысты айына жүздеген шағым түседі екен. Бұл азаматтардың құқықтық сауатының төмендігінен деп түсіндірді. Жалпы елде 6 млн-ға жуық азаматтың банкке берешегі бар. Ал Ұлттық банктің реестріне тіркелген коллекторлық ұйымның саны 200-ден асады.

“Егерде коллекторлық агенттіктер қаржы нарығын реттеу дамыту агенттігінің жазбаша хатына, ескертуіне көнбей жатқан жағдайда агенттік оны есептік тіркеуден шығарып, қаржы нарығынан тоқтатуға құқығы бар”, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бас маманы Мәди Сарбупин.

Коллектордың тарапынан қысым көріп, заңбұзушылықты байқасаңыз, ұлттық банкке арыздануға болады. 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 07 Қыркүйек, 2021 09:15
Талқылау