Балаларының көзінше өлімші етіп сабаған: Алматы облысында бұрынғы күйеуі ұрып өлтірген әйелдің жақындары оқиға туралы шындықпен бөлісті
Алматы облысындағы әйелдің өлімі жайлы жаңа деректер белгілі болды. Полиция таратқан мәліметке сүйенсек, ер адам қызғаныштан өзінің жарын ұрып өлтірген. Алайда қаза тапқан әйелдің жақындары мұның жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Юлия Демидованың анасы Елена қызымен үнемі хабарласып тұрғанын айтады. Ал жұмыстан босаған күндері немерелерін көруге барады екен.
"Қызыммен үнемі байланыста болатынмын. Жұмысқа бара жатқанда, кешке қоңырау шаламын. Алайда кейін сөйлесе алмадым. Кешке, таңертең де телефонды көтермеді. Бұл кезде күйеуі жұмысқа кеткен еді. Сөйлесе алмаған соң үйіне бардым. Демалыс күндері үйіне барып тұратын едім", – дейді анасы.
Сөзінше, үйге келгенде бұрынғы күйеу баласының ішімдік ішіп отырғанын көрген. Ал қызы қимылсыз еденде жатқан.
"Жанына барып едім, басын әрең бұрды. "Анашым, көзім бүгін ғана көре бастады" деді. Сұрап едім, үйде ұрғанын айтты. Ал күйеу балам әңгімемізді сырттай тыңдап, бақылап тұрды. Қызым су сұрап еді, оған сыра ұсынды. Сосын сыртқа шығып кетті. Осыны пайдаланып, суретке түсіріп алдым. Балалар қорқып қалған. Алиса мені күтіп алды, ал егіз қыздары төсектен қарап тұрды", – деп қосты ол.
Балалары оқиғаның қалай болғанын айтып берген. Ал жедел жәрдем шақырған соң әйелді ауруханаға алып барған. Алайда ауыр жарақат салдарынан Юлия ауруханада көз жұмыпты.
Марқұмның анасы Елена желіде қызының күйеуінің көзіне шөп салғаны туралы жалған ақпарат тарағанын айтты.
"Юлияның жақындары, таныстары маған желідегі ақпаратты жіберіп жатыр. Маған оның абыройы маңызды. Жазылғанның барлығы өтірік. Бәлкім, күйеуі өзін солай ақтағысы келген шығар", – деді анасы.
Марқұмның құрбысы бұрынғы күйеуінің Юлияға еш көмектеспегенін, тек атаулы әлеуметтік көмек есебінен ғана өмір сүргенін айтады.
"Іссапарға кетерде тек 1 000 теңге қалдырып кеткен. Азық-түлік және өзге шығындарды өз қаржысына сатып алатын. Юлияның үйі үнемі жинақы тұратын. Аспаз еді, түрлі тағам дайындайтын. Әлеуметтік желіде құрбым туралы жалған ақпарат тарады", – деп мәлімдеді құрбысы.
Марқұмның жақындары бұрынғы күйеуімен бір жыл бұрын ажырасып кеткенін айтады. Сонымен қатар ер адам өз үйін өртеп жіберген екен.
"Үй әкесінен қалған болатын. Оны өртеп жіберді. Жалдамалы пәтерде тұрғында әдейі суды ағызып жіберетін. Осы жағдайлардан кейін сот оған отбасына жақындауға үш айға тыйым салды. Бірақ Юлия балалары үшін қайта оралды. Отбасы толыққанды болу керек деп санайтын", – дейді анасы.
Полицияға арыз түсірген соң күдікті Алматы қаласында ұсталған екен. Юлияның жақындары ер адамның қашуға тырысқанын айтады. Тіпті киімдерін сөмкеге салып алып шыққан дейді.
"Арыз жазуға жақын маңдағы полиция бөлімшесіне бардық. Бірақ демалыс күндері болғандықтан, ешкім тыңдамады. Тек бір полицей ғана арызды қабылдады. Кейін учаскелік полицей келіп, оның қызымды желтоқсан-ақпан айларында бірнеше рет ұрып, қорқытқанын айтты. Полицейлер түсірген суретте оның сөмке ұстап тұрғанын көруге болады", – деді марқұмның анасы.
Жақындары полицейлердің расталмаған ақпаратты таратқанына да ашулы. Ал жауап алуға оқиғаның куәгері болған Юлия мен күдіктінің ортақ танысы шақырылмаған екен. Марқұмды 22 ақпанда жер қойнына тапсырса да, сот-медициналық сараптамасының нәтижесін анасы Еленаға көрсетпеген.
"Тергеу аяқталған жоқ. Мені жауап алуға шақырмады. Тек 6 жастағы кіші қызы Алисаны куәгер ретінде шақырды. Ол болған оқиғаны толық айтып берген. Әрине, барлық ережелер сақталды, психолог болды, жазба жүргізілді. Бұған еш шағымым жоқ", – деп қосты анасы.
Жақындары ер адамның жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін екенін айтады. Қазір Юлияның артында қалған балаларын анасы Елена бауырына басқан.
Полиция мәліметінше, қазір тиісті сараптамалар тағайындалған. Ал күдікті тергеу изоляторында отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Талғар ауданында вахтадан оралған ер адамның әйелін ұрып өлтіргені туралы хабарлаған едік.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
