Ресей чемпионаттарынан алып тастаған: 50 миллиард теңге жұмсалған "Барыс" клубындағы балаларға ақша жетпей қалғаны үшін шу шықты
Жаңа жыл "Барыс" жанкүйерлері үшін жаңа даумен басталды. "Барыс-2011" балалар командасының ата-аналары еліміздегі ең бай хоккей клубының резерв даярлауға ақшасы таусылғанын айтып шағымданды. Жас хоккейшілер Ресей чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққанымен, 6 қаңтар күні оларға жарыстың шешуші сатысына қатыса алмайтыны хабарланған. Ата-аналар ересек топтағы ойыншыларға бөлінген ақша неліктен балаларға келгенде таусылып қалады деп ашуланды. Клуб турнир ұйымдастырушыларына 6 балалар командасы жарыстан бас тартатынын хабарлаған хат жолдап үлгерген. Stan.kz тілшісі "Барыс" хоккей клубының басшылығына хабарласып, мән-жайды сұрап білді.
Фото: "Барыс" хоккей клубы
"Неге біздің балалардан плей-оффқа шығу мүмкіндігін тартып алады"
Ата-аналардың сөзінше, жас хоккейшілер плей-офф кезеңіне шығу үшін мықты нәтиже көрсетіп, барын салған.
"Біз "Барыс-2011" командасының жас хоккейшілерінің ата-аналарымыз. Желтоқсан айының соңында, 2024 жылы, біздің балаларымыз керемет жетістікке жетті. Олар Ресей чемпионатының Орал федералдық округінің мықтылар тобының плей-офф кезеңіне шықты. Осы табысқа жету жолында біздің балаларымыз Уфаның "Салават Юлаев" және Магнитогорскінің "Металлург" секілді аты аңызға айналған клубтарын жеңді. Ал өткен жылдың чемпионы – Челябі қаласының "Тракторын" 10:3 есебімен жеңуі біздің жадымызда мәңгі есте қалар тарихи сәтке айналды", – делінген ата-аналардың жазбасында.
Олардың сөзінше, жас ойыншылардың жеткен жетістіктері кездейсоқ емес. 2023-2024 маусымында команда Орал федералдық округінің "B" тобының чемпионы атанған екен.
Турнирден алып тасталған командалар: “Барыс – 2007”, “Барыс – 2009”, “Барыс – 2010”, “Барыс – 2011”, “Барыс – 2012” және “Барыс – 2013”.
"Біздің балаларымыз – өз жас санаты бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Бұл олардың күнделікті еңбегінің, ерте таңғы жаттығуларының, кейде күніне екі рет жаттығуының және бапкерлер мен отбасылардың қолдауының жемісі", – деді ата-аналар.
Ата-аналар 2025 жылғы 6 қаңтарда "Барыс" клубының басшылығы плей-оффқа қатысудан бас тартқанын білген. Басшылық мұны қаржы жетіспеуінен деп түсіндірген.
"Балалардың арманы ақшадан маңызды емес пе? Неге маусымның ортасында балалар хоккейіне арналған бюджет аяқталды? Неліктен басшылық бізбен, ата-аналармен жағдайды талқылаудың орнына шешімді жабық есіктің артында қабылдады? Біз демеушілер іздеп, мәселені өзіміз шешуге дайын болдық. Өйткені бұл біздің балаларымыз үшін спорттан да маңызды. Бұл – олардың арманы, кішкентай кезінен бері жетуге тырысқан мақсаты. Әр команданың жетістігінің артында жылдар бойғы еңбек жатыр. Бұл – балалардың құрбандықтары, өткізілген сабақтар, отбасылардың уақыт пен қаражат жұмсауы. Ал қазір оларды бір шешіммен күресті жалғастыру және үлкен жетістіктерге жету мүмкіндігінен айырып отыр. Мұндай қарым-қатынас Қазақстанда балалар спортының дамитынына сенімді жоғалтады. Егер олардың жетістіктері бір сәтте жоққа шығарылса, қалай балаларды ынталандыра аламыз? Егер тіпті чемпиондар қолдаусыз қалса, кім баласын спортқа бергісі келеді?" – деп жазған ата-аналар өтінішінде.
Ата-аналардың айтуынша, бұл шешім мемлекет басшысының балалар спортын дамытуына және Қазақстанды спорттық державаға айналдыру амбицияларына қайшы келеді. Қазақстанның спорты жеңіс үшін соңына дейін күресуге дайын жандарды қолдауға тиіс дейді ата-аналар.
Фото: "Барыс" хоккей клубы
Алайда журналист Михаил Козачковтың сөзінше, кейінгі 6 жылда мемлекет хоккей клубына 100 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Ал "Спорт Экспресс" хабарлауынша, "Барыстың" бірінші құрамдағы хоккейшілері биылғы маусымда тізімнің соңында тұрса да, олардың жалақысы 2,7 миллиард теңге болған.
Анықтай келе, 2018-2023 жылдары Қазақстанда хоккейді қаржыландыруға 95,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде "Барыс" хоккей клубына "Самұрық-Қазына" қорынан 48,9 миллиард теңге бағытталған. Бұл соманың 58%-ы (28,3 млрд теңге) жалақы төлеуге жұмсалған. "Барыс" 2008 жылдан бері ҚХЛ-да (құрлықтық хоккей лигасында) өнер көрсетеді. Ең жоғары нәтижесі – Гагарин Кубогының 1/4 финалына шығуы (үш маусымда). Кейінгі алты жылда команда үш рет плей-оффқа шыға алмады. Екі рет 1/8 финалға, бір рет 1/4 финалға жетті.
Қазір команда ҚХЛ-дың соңғы орнында, 20 ойынның бесеуінде жеңіске жетті. Жақында "Барыстың" басшылығы қымбат легионерлерден бас тартып, өз тәрбиеленушілерімен ойнауға көшкенін хабарлады.
Кеше, 8 қаңтарда ата-аналар өздерінің желідегі hc_barys2011_official парақшасында шетелде өтетін жарысқа балаларының баратынын қуана хабарлады.
"Қолдау мен әділдік үшін рақмет! Бүгін біз балаларымыздың Ресей чемпионатына қатысу мәселесін шешуге көмектескен баршаңызға үлкен алғыс білдіргіміз келеді! Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, туризм және спорт министрлігіне, атап айтқанда, Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновқа рахмет айтамыз. Қиын сәтте сенім білдіріп, қолдау көрсеткендерге, әділ шешім қабылдаған басшылар мен спорттық ұйымдарына, осы жағдайды бөлісіп, маңызды мәселеге назар аударуға көмектескендердің бәріне алғысымыз зор", – деп жеткізді ата-аналар.
"Жас кездерінде осыншама көп ойынға қатыспаған"
Дегенмен жасөспірімдер спорт мектебіне қатысты ақпараттың рас-өтірігін білу үшін "Барыс" хоккей клубының бас директоры Нұрлан Оразбаевтан сұрап көрдік. Оның сөзінше, биыл балалар жарысына қаржы бөлінгенімен, келесі ойындарға бару-бармау ықтималдығы төмен деп түсіндірді.
"Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлымен кездесу қорытындысы бойынша клубтың қазіргі мәселелері талқыланды. 2024-2025 маусымында жасөспірімдер командаларының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің қатысуын жалғастыру туралы шешім қабылданды. Біздің мектептің "Аймақаралық жарыстарға, федералды округтер арасындағы немесе екі немесе одан да көп федералды округтердің чемпионаттарына" қатысуы осы маусымның қорытындысы бойынша қарастырылады. Министрлікке қарасты "Sport Qory" қаржылай көмек берді. Алайда бұл мәселеде қаржылық жағы басты рөл атқармайды. Біздің жасөспірімдер командаларымыз Қазақстан чемпионаттарына және Ресей біріншіліктеріне қатысады. Мұнда жалпы алғанда біз 60-70 ойын өткіземіз. Бұл балалар үшін физикалық және психоэмоционалдық тұрғыдан өте ауыр жүктеме", – деп жауап берді Нұрлан Оразбаев.
Нұрлан Оразбаевтың айтуынша, барлық сапар, әдетте, пойыз немесе автобус арқылы жүзеге асады. Жиі ауысып отыруды қажет етеді. Орта есеппен бір маусымда команда жолда 40-50 күннен астам уақыт өткізеді. Бұл уақытты жаттығу үдерісіне жұмсауға болар еді деді Нұрлан Оразбаев. Бұдан бөлек ол 10 жылда 1,5 жылдан астам уақытты жаттығуға жоғалтатынын атап өтті.
Фото: "Барыс" хоккей клубы / Нұрлан Оразбаев
"Жас спортшыны дайындаудағы ең маңыздысы – балаларға конькимен дұрыс сырғанауды және таяқпен шебер жұмыс істеуді үйрету. Егер жасөспірім шақта дайындықтың негізгі дағдыларына мән берілмесе, оны кейін түзету мүмкін болмайды. Мектеп ашылған кезден бері бізде ұлттық хоккей лигасы ойыншылары арасында бірде-бір түлек жоқ. Сондай-ақ құрлықтық хоккей лигасы ойыншылары да жоқ. Қазіргі "Металлург" хоккей клубының сапында өнер көрсетіп жүрген Михаилис пен Орехов – "Қазақмыс" мектебінің тәрбиеленушілері. Олар жас кезінде осыншама көп ойынға қатыспаған. Швецияның хоккей мектебі әлемдегі ең үздік хоккей мектептерінің бірі саналады. Биылғы маусымда осы мектептен шыққан 88 спортшы ұлттық хоккей лигасында ойнап жүр. Әдетте, бұл ойыншылар жұлдызды мәртебеге ие болып, лиганың көшбасшыларына айналады. Швецияда балалар хоккейінде нәтижеге ойнауға тыйым салынған. Олардың дайындығы көбіне жаттығу процесіне бағытталады. Тек 12 жастан кейін ғана олар елдің ресми чемпионаттарына қатыса бастайды", – деп түсіндірді "Барыс" хоккей клубының директоры Нұрлан Оразбаев.
Директордың сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстан хоккей федерациясы елде балалар-жасөспірімдер және ересектер хоккейін дамытуда ауқымды жұмыстар атқарды.
"Бізде ересектер мен жасөспірімдер командалары арасында толыққанды чемпионаттар өтіп жатыр. Қазақстан ішкі чемпионатын одан әрі дамыту – маңызды аспект. Сонымен қатар біздің жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, оларды әлемдік тәжірибеге сай лицензиялау – басты міндеттердің бірі", – деп түйіндеді Нұрлан Оразбаев.
Еске салайық, бұған дейін туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздегі футбол, хоккей спорттарында арнайы лимиттер қойылатынын айтты. Министрдің айтуынша, лимитті 1-2 миллиардтан асырмау керек.