Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларды өрттен құтқарған шығысқазақстандық мұғалім марапатталды

рулан сейітов балаларды өрттен құтқарып қалғанФото: ШҚО ТЖД

Шығыс Қазақстан облысында мектеп мұғалімі өрт кезінде екі кішкентай баланы құтқарып қалып, ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалін Рулан Сейітовке Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысына қарасты төтенше жағдайлар департаментінің өкілі табыстады. Өрт 18 қаңтар күні Алтай ауданының Соловьево ауылында болған.

"Рулан Сейітов өз үйінің ауласында шаруашылық жұмыстарын атқарып жүріп, көрші үйдің шатырынан түтін шығып жатқанын байқайды. Ол бірден көмекке ұмтылған. Үйдің кіреберіс есігін ашқанда, ішінің қою түтінге толып кеткенін, кіру мүмкін еместігін көреді. Үйді айналып өтіп, сынған терезенің жанында тұрған екі баланы байқап, оларды түтін басқан аймақтан алып шығып, таза ауаға шығарады да, өз үйіне орналастырады", – делінген өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінде.

Мәліметтерге сенсек, Рулан Сейітов Соловьево ауылындағы орта мектепте 14 жылдан бері дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Оқиғадан кейін ол өрттен құтқарылған балалардың жасы екі мен бесте болғанын, олардың әжесімен бірге үйде қалғанын айтты.

"Балалар қатты қорқып қалған еді. Жолдың арғы бетінде тұрамын, оларды өз үйіме алып барып, ұлымның қасында қалдырдым. Сосын дереу қайта оралып, өртті сөндіруге көмектестім. Балаларды алып кеткенше, басқа көршілер де жетіп үлгерді, олардың ішінде зейнеткер екі өрт сөндіруші болды. Олар әжесін сыртқа шығарып алды. Уақытында үлгердік", – деді Рулан Сейітов.



Еске салайық, бұған дейін алматылық жедел жәрдем фельдшері Гаухар Әкімова Таиландта отбасымен демалып жүргенде екі жасар қызға жергілікті дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетіп, алып қалды. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 09:20