Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларды атқаны үшін қосымша ақы алынған: Туристер Сараевода бейкүнә адамдарға оқ ату үшін 70 мың фунт төлеген

Фото: AFP via Getty Images

Милан прокуратурасы Сараево қаласында аңшылық сапар кезінде бейбіт тұрғындарды атқан италиялық туристерге қарсы тергеу бастады. Туристер бұл үшін шамамен 70 000 фунт стерлинг (48 млн теңге) төлеген, ал балаларды өлтірген жағдайда қосымша төлем жасалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail.co-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Суық қаруға әуесқой бай шетелдіктерге 1990-жылдары Босния соғысы кезінде серб-босниялық жасақтардың төрт жылдық қоршауы кезінде "снайперлік туризмге" қатысқан деген айып тағылды.

1992 жылдан 1996 жылға дейін созылған қоршау барысында Сараевода 10 мыңнан астам адам артиллериялық шабуылдар мен снайперлердің оғынан қаза тапты. Бұл заманауи соғыстар тарихындағы ең ұзақ қоршау болды. Тергеу материалдарына сәйкес, радикалды көзқарастағы кейбір туристер демалыс күндері босниялық серб армиясының әскерилеріне ақы төлеп, Сараевоға барып бейбіт тұрғындарға қызық үшін оқ атқан.

Олар Триест қаласынан сербиялық Aviogenex әуе компаниясының рейсімен Белградқа ұшып келіп, демалыс күндерінде "снайпер рөлін" атқарған. Бұл үшін 70 000–88 000 фунт стерлинг аралығында ақы төлеген. El País басылымының мәліметінше, балаларды өлтіру қымбатқа түскен.

Тергеу Милан жазушысы және журналист Эцио Гаваццени дайындаған 17 беттен тұратын заңдық арыз негізінде басталған. Бұл іске бұрынғы судья Гвидо Сальвини мен 2021–2024 жылдары Сараево мэрі болған Бенджамина Карич те қолдау көрсеткен.

Айыптаулар 2022 жылы словен режиссері Миран Зупанич түсірген "Сараево сафариі" атты деректі фильмнен кейін қайта көтерілді. Фильмде бай италиялықтар мен өзге де шетелдіктердің Сараевоға барып, жергілікті тұрғындарға оқ атқаны туралы деректер келтірілген.

Туристер бұрынғы босниялық сербтер жетекшісі Радован Караджичке және оның жауынгерлеріне қомақты сомада ақша төлеген деп айыпталып жатыр. Караджич 2016 жылы геноцид және адамзатқа қарсы қылмыстар үшін 40 жылға сотталған болатын. Ақпараттарға сәйкес, олар бай шетелдіктерді Сараевоны қоршаған төбелерге апарып, оларды бейбіт тұрғындарға оқ атуға рұқсат еткен. Сол кездері қарапайым тұрғындар әр күнін өмір мен өлім арасындағы қорқынышпен өткізген делінеді.

Змай од Босне көшесі мен Меша Селимович даңғылы "Снайперлер аллеясы" деп аталып кеткен, себебі бұл жерлер тұрғындар үшін аса қауіпті болған. Меша Селимович даңғылы Сараево әуежайына апаратын жалғыз жол болғандықтан, оны айналып өту мүмкін болмағаны айтылады.

Гаваццени la Repubblica басылымына берген сұхбатында Боснияның Бас прокуратурасы мұндай күрделі істі тергеу қиын болғандықтан, "снайперлік туризм" бойынша тергеуді тоқтатқан болуы мүмкін екенін айтқан.

"Бұл бай, беделді адамдар, іскерлер. Олар Сараево қоршауы кезінде бейқарусыз бейбіт тұрғындарды өлтіру үшін ақша төлеген. Триесттен жолға шығып, “аңшылыққа” барып, кейін қалыпты өмірлеріне қайта оралған", – деді ол.

Бас прокурор Алессандро Гобби куәгер ретінде жауап бере алатын бірнеше адамның тізімі бар екені хабарлады. Ал Гаваццени мәліметінше, демалыс күндері көңіл көтеру мақсатында бейбіт тұрғындарды атқан туристердің жалпы саны 100-ге дейін жетуі мүмкін.

El País басылымы істе Миланның пластикалық хирургия клиникасының иесі және Турин мен Триест тұрғындары бар деп жазды.

"Мен ең болмаса бір-екі, тіпті он адамды анықталады деп үміттенемін", – деді журналист.

Куәгерлердің бірі – аты-жөні "E.S." деп көрсетілген босниялық барлау агенті. Ол итальян барлау қызметінің бұл айыптаулары туралы 1993 жылы білгенін және сол істер бойынша құпия материалдардың әлі де бар екенін айтқан. Оның сөзінше, босниялық барлау Сараевоны қоршаған төбелерде бейбіт тұрғындарға оқ атуға барғандың ішінде кемінде бес итальянның болғаны туралы ескерту жасаған.

Басқа куәгерлер арасында словен барлау қызметінің қызметкері, шабуылдан аман қалғандар және жарақат алған өрт сөндіруші бар. Соңғысы 2002 жылы Гаагадағы Слободан Милошевич сотында "турист-снайперлерді" сипаттап, олардың киімдері мен қарулары серб сарбаздарынан өзгеше болғанын айтқан.

Ал Боснияның Миландағы консулы Даг Думрукчич la Repubblica-ға берген сұхбатында өз елінің бұл істе Италиямен "толық ынтымақтастықта" екенін мәлімдеген.

"Біз осындай сұмдық қылмыстың шындығын ашып, өткенмен есеп айырысқымыз келеді. Менде белгілі бір ақпарат бар, оны тергеу органдарына беруге дайынмын", – деді ол.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 23:56
Талқылау