Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Балалар үйіне алып кетіңіздерші”: Павлодарда сегіз жасар қыз әкесімен тұрғысы келмейтінін айтып, көмек сұраған

Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Павлодарда сегіз жасар қыз бала өзін балалар үйіне тапсыруды сұраған. Қазір әкесімен бірге тұратын қыздың анасы бұрын ата-ана құқығынан шектелген және өткен жылы қайтыс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл жағдай кешкі уақытта болған. Қызды көршілері подъездегі баспалдақ маңынан тауып алған. Олардың айтуынша, әкесі қызды үйге кіргізбеген. Бала жеңіл киінген әрі қараусыз көрінген. Көршілер оны үйіне кіргізіп, тамақ беріп, киім алып берген. Кейін олар бала құқықтары жөніндегі уәкілге хабарласқан.

"Қыздың өзі “мені балалар үйіне алып кетіңіздерші” деді. Баланың сөзінше, әкесі оны кейде ұрады. Әкесі ішімдік ішеді, қызын үйден қуып жібереді. Тамақты да тұрақты түрде ішпеген сияқты. Көршілер подъезд чатында ақша жинап, балаға киім мен аяқ киім алып берген", – деді Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шакенева.

Қыз уақытша отбасынан алынған. Қазір ол тексеруден өту үшін ауруханада жатыр. Омбудсменнің айтуынша, сегіз жастағы қыз сырт келбеті жағынан алты жастағы балаға ұқсайды және салмағы 22 келіге де жетпейді. Оның денесінен көптеген көгерген іздер табылған. Сондай-ақ қызды балалар гинекологына да тексерту сұралған.

Омбудсменнің айтуынша, қыз әкесімен екеуі ғана тұрады. Бірақ олардың үйіне әкесінің достары жиі келіп қонып, спирттік ішімдік ішетін болған. Екі жыл бұрын көршілер полицияға әкесінің қызды басынан ұрған сәті түсірілген видеоны да берген. Сол кезде ер адам жауапкершілікке тартылып, наркологиялық диспансерде есепте тұрған.

Өңірлік полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялованың айтуынша, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу, оны тәрбиелеу мен қорғау міндеттерін дұрыс орындамау фактісі бойынша әкесі жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ оны ата-аналық құқықтан шектеу туралы материал сотқа жіберілген.



Ал қалалық әкімдік бұл отбасы әлеуметтік қызметтер мен мектептің бақылауында болғанын және ешқандай күмән туғызбағанын айтады. Шенеуніктердің нұсқасы бойынша, әкесі қызды үйден қумаған. Сол күні кешке қызды бөлек тұратын үлкен әпкесі серуендеуге алып кеткен. Ал қыз балалар үйіне барғысы келетінін, себебі ол жерде оның ағасы тұратынын айтқан.

"Әкесі ішімдік ішпейді, алкоголь қолданғаны анықталған жоқ. Қыз да әкесі туралы жақсы пікір айтады. Психологтың айтуынша, биыл қыздың өзін-өзі бағалауы әкесінің арқасында жоғарылаған", – деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Баланы толық тексергеннен кейін оны балаларды қолдау орталығына, 12 жастағы ағасы жатқан жерге орналастырады. Ол жерде шамамен екі ай болуы мүмкін. Ал қызды қайтадан отбасына қайтару мәселесін арнайы комиссия шешеді.

STAN.KZ
Сенбі, 14 Наурыз, 2026 18:59