Білімі жоқ қандастар арасында жалған медициналық қызмет көрсететіндер жиіледі – Депутат
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова елімізде псевдодәрігерлер мен арнайы білімі жоқ қандастар арасында медициналық қызмет көрсететіндер жиілегенін айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот
Ол былтыр Алматыдағы күмәнді клиникалардың бірінде кәсіби медициналық қызмет ала алмаған екі жасар бала қайтыс болғанын еске алды.
“Балаға бір уақытта 22 дәрі-дәрмек, 7 дәрі тамызғыш (капельница) тағайындалған. Салдарынан баланың ағзасы уланып, ол қалалық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл емханада кішкентай науқастарға бір уақытта 40-қа дейін дәрі-дәрмек тағайындалады. Салдарынан ауруы асқынып, денсаулығына залал келгендер саны көбейіп жатыр. Мұнда дәрігер кеңесі 200 мың теңге, массаж курсы 400 мың теңге тұрады. Басқа да медициналық қызметтердің бағасы негізсіз жоғары көрсетілген”, – деді Гүлдара Нұрымова.
Депутаттың сөзінше, ол емхана әлі жұмыс істеп тұр.
“Медицинаға қатысы жоқ адам да 22 немесе одан да көп дәрі-дәрмекті бір уақытта қабылдау бала тұрмақ, ересек адамның ағзасына ауыр тиетінін түсінеді. Осы жағдайға қарамастан бұл клиника қызметін жалғастырып отыр”, – деп атап өтті мәжіліс депутаты.
Ол медициналық университеттерде оқитын болашақ дәрігерлерге науқасқа 5-тен артық дәрі-дәрмекті тағайындамауға кеңес берілетінін еске салды.
"Жақында Астанадағы №2 қалалық ауруханасының реанимация бөліміне жағдайы ауыр науқас түсті. Оған медициналық білімі, мемлекеттік лицензиясы және пластикалық хирургия және косметология саласында арнайы сертификаты жоқ дәрігер сымақ пластикалық операция жасаған. Салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, шұғыл хирургиялық операция жасау қажет болған. Дәрігерлер оның өмірін әрең сақтап қалды. Мұндай фактілер көп.
Сонымен қатар Таразда "хирургтер" жеке салонда 9 заңсыз пластикалық ота жасаған: блеферопластика, липосакция және тағы басқа. Салдарынан науқастардың денсаулығына аса ауыр зиян тиген: бет пен дене тінінің деформациясы, қабақ ассимметриясы, іштегі спазмодикалық ауырсыну, аяқ-қолдың дисфункциясы, құлақ сырғалығының деформациясы және тағы басқа", – деді ол.
Халық қалаулысы әлеуметтік желілерде кез келген адам өзін әр саланың маманы ретінде, тіпті медициналық арнайы білімі болмаса да өзін дәрігер ретінде жарнамалайтынын назарға алуды сұрады. Оның айтуынша, адамдар "көздің жауын алатын" жарнамалардың құрбаны болады.
Сонымен қатар депутат кейінгі кездері медициналық білімі жоқ қандастар медициналық кабинеттерді жиі ашып жүргенін тілге тиек етті.
“Олар түсініксіз құралдарды, балғаларды, тіркелмеген дәрі-дәрмектерді пайдаланады. Жауапты органдар, денсаулық сақтау департаменттері, медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитеттері, құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?”, – деп сұрады ол.
Гүлдара Нұрымова үкімет екі мәселеге баса назар аударғанын қалайды:
- Медициналық қызметті жарнамалайтын әлеуметтік желілерді бақылауды қамтамасыз ету;
- Заңсыз көрсетілген медициналық қызметті анықтау бойынша жұмысты күшейту.
Еске сала кетейік, атыраулық ата-ана жүре алмайтын 2,5 жасар баласын емдету үшін оны Алматыдағы “Қонжық” жеке емханасына апарған. Алайда емнің бірнеше күнінен соң бүлдіршіннің жағдайы күрт нашарлап, көз жұмды.
Кейінірек мамандар дәрігердің балаға ауыр антибиотиктер тағайындағанын айтты. Ем жалпыға ортақ протоколға сай болмаған және балаға 22 дәрі жазып берген.