Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балабақшаларда қазақ тілі онлайн ойындар арқылы үйретіледі

Мемлекеттік тілді дамыту қорының Soyle.kz ұжымы еліміздегі ең ірі кен-металлургиялық компаниялардың бірі – "Казцинктің" қолдауымен мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған "Тәтті алма" алғашқы бірегей онлайн-платформасын іске қосты. Мұнда ұл-қыздар ойын түріндегі тапсырмаларды орындап, қазақ тілін үйрене алады.

Әзірлемені астаналық педагогтер жұмыстарында пайдаланып үлгерді. Астанадағы балабақшалардың бірінде қазақ тілінен ашық сабақ жүргізіліп, балалар қызықты квестен өтті.

“Балалардың сабақ кезіндегі жарқын эмоциялары – "Тәтті алманың" сәтті жоба екенінің айқын дәлелі. Ал біз, педагогтер, сапалы оқу материалдарының қолжетімділігін жоғары бағаладық. "Ұстазға" атты арнаулы бөлімінде алуан түрлі форматтағы өзекті дидактикалық материалдар бар. Бұл бағдарламаны тамаша толықтырады және оқушылардың оқу тәжірибесін қызықты ете түседі”, – деді астаналық №69 балабақшаның меңгерушісі Марал Ахметова.

tattialma.kz онлайн-платформасының ерекшелігі – балалар Абай тілін нөлден бастап, ересектердің ешбір көмегінсіз үйрене алады. Алмабек есімді виртуалды көмекшімен бірге балалар ойын алаңшасы, мектеп, супермаркет, хайуанаттар бағы және т.б. өздеріне таныс жерлердің бағытымен жүреді. Платформаның жас қолданушылары ойжұмбақтар шешу және ойын тапсырмаларын орындау арқылы жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйренеді. Әрбір дұрыс жауап үшін ынталандыру ретінде жұлдызшалар алады. Ең ынталылар үздік ойыншылар рейтингінде жоғарғы жолақтарға орналасады.

Біздің қазақ тілін үйрету ресурстарымыздың ішінде "Тәтті алманың" орны ерекше – платформа ең алдымен балаларға арнап жасалды және біздің команда өнімді бірегей етуге тырысты. Сайттың мемлекеттік тілді меңгерудегі ең танымал білім көзіне айналуға толық мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін”, – дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.

Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілеріне балаларға арналған "Тәтті алма" 6 томдық жинағы мен "Ұлы дала аңыздары" сериясының "Qazcomics" комикстер жинағы сыйға тартылды.

Жобаға қолдау көрсеткен "Казцинк" компаниясы қазақ тілін меңгерудің цифрлық және ойын форматына көшірілуі оқытудың жаңа әрі сұранысқа ие нұсқасы екенін атап өтті.

“Металлургтер балаларға арналған білім беру бастамаларына үнемі қолдау көрсетеді. Бізде қазір мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беруге арналған екі сәтті цифрлық жоба бар. Қазақ тілін дамыту да біз үшін аса маңызды. Балалар жеңіл ойын форматында тілдік ортаға ене алатын мұндай цифрлық "мектептер" олар үшін тамаша нұсқа болып табылады”, – дейді әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы диерктор Андрей Лазарев.

Жобаны кез келген адам қолдана алады. Материалдардың барлығы https://tattialma.kz/ru сайтында тегін қолжетімді.

Жарнама құқығында