"Бала жанып жатқан кезде, қымыз құйып өшірген": Кентауда кафедегі жарылыстан қаза тапқан жігіттің жақындары әділдік талап етті
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысы, Кентау қаласында қымызханада газ жарылысынан денесінің 90%-ы күйген Бақдәулет Мұса да бақилық болды. Қара жамылған отбасы дәмханада өрт сөндіру құралы болмай, отқа оранған жігіттің денесін қымыз құйып өшірген дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1 қаңтар күні болған жарылыстан кейін, 8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан 20 жастағы аспазды аман алып қалу мүмкін болмаған. Өкініштісі сол, марқұм оқиға орнында ажал құшқан Дана Сағынғалиқызымен көктемде шаңырақ көтереміз деп жоспарлаған екен.
Бұл алапат жаралыстан бір күн бұрын түсірілген кадр. 30 желтоқсан күні 20 жасқа толған Бақдәулетті достары мен сүйіктісі Дана келіп құттықтапты. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған жұптың бақыты бірақ ұзаққа бармады. Арада бір тәулік өткенде өздері жұмыс істейтін дәмханада газ баллон жарылып, 18 жастағы қыз тіл тартпай кетсе, араға 8 күн салып Бақдәулет те бақиға аттанды.
“Бір жетідей уақыт өтті. Бізге бала жақсы болып қалды деп айтқан соң, оларға сеніп, алаңсыз болдық. Үміт күтіп, беті бері қарады деп қуанып отырған едік. Содан 9 қаңтар күні түнде сағат 11:00-де қаралы хабар келді. Алға қойған мақсаты көп еді. Армандарына жете алмай кетті балам. Жүретін қызымен осы көктем шықса үйленіп бас қосамыз деп еді. Бәрі жақсы болады деп, уайымдамаңыз деп кеткен балам еді. Енді отырысымыз мынау”, – дейді марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметова.
Бақдәулет – үйдегі 6 баланың төртіншісі. Кішкентайынан футбол ойнап, талай жарыстан жүлделі қайтқан дейді жақындары. Шымкенттегі жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенті дәмханаға 1 ай бұрын ғана аспаз болып кірген екен.
“Біріншіден, мекемеде техникалық қауіпсіздік құралдары жоқ. Жалға берген және жалға алған адам да оны қарастырмаған. Екіншіден, адам өртеніп жатыр, оны құтқаратын қарапайым өрт сөндіргіштері жоқ. Олар бала жанып жатқан кезде, үстіне қымыз құйып өшірген. Құм да, күрек те, шелек те жоқ. Сонда құзырлы орган өкілдері қайда қарап отыр? Әдетте мереке кезінде кафенің бәрін жауып тастайтын. Неге бұл мекеме екіге дейін жұмыс істеді? Мүмкін бәрі бір-бірімен сыбайлас шығар?”, – дейді марқұмның туысы Мәди Ахметов.
Ресми мәліметке сәйкес, ажал құшқандар екі адам. Ал ауруханада тағы үш адам емделіп жатыр. Қазір іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
“Түркістан облысының Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Құтқарушылар келгенге дейін ашық жалын байқалып, кейін өрт шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен жалын жедел түрде сөндірілді. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр”, – делінген Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Еске салайық, 1 қаңтарға қараған түні Кентауда дәмханада газ жарылған еді. Оқиға орнында мекеме қызметкері, яғни 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы тіл тартпай кеткен. Енді міне араға апта салып 20 жастағы аспаз ажал құшты.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты