Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала босана алмаймын": Дәрігердің салғырттығынан "тік ішегі сыртқа шығарылған" қазақстандық келіншек өмірі жайлы айтты

“Босанған соң үшінші топтағы мүгедек атандым” деген Ақерке Бейсенбек есімді келіншек әлеуметтік желіде өте белсенді. Алматы қаласының 27 жастағы тұрғыны тұңғышын босанамын деп қалай емделуі қиын сырқатқа тап болғанын баяндады. Ақеркемен тілдескен Stan.kz тілшісі кейіпкердің күнделікті өмірімен танысты. 

Фото: instagram.com/akerkebeysenbek

Ақерке Бейсенбекке босанған соң тік ішек қынаптық жыланкөз (ректо-вагинальный свищ) диагнозы қойылған. Оның бұл сырқатқа шалдығуына ауыр босанудың салдары себеп болыпты. Қарапайым сөзбен айтқанда, тік ішек қынаптық жыланкөз дегеніміз – қынап пен ішектің арасында тесіктің пайда болуы. 

Ақеркеның айтуынша, өз ісіне немқұрайлы қарайтын дәрігерлердің кесірі кейіпкерімізге ғана емес, оның жаңа туған баласына да тиген.

“Толғақ келгенде босана алмай ұзақ уақыт қиналдым. Бұл да үшінші топтағы мүгедек болып қалуыма себеп болды. Әрине, дәрігерлердің салғырттығы тағы бар. Негізі босанған әйелдің қынабы жыртылса хаттама бойынша, дәрігерлер арнайы ота жасайтын үстелді дайындап, науқасқа анестезия салып барып қынапты тігеді. Ал менің жағдайымда дәрігерлер жансыздандыратын дәрі екпестен, 40 минутта қынапты қалай болса солай тігіп тастаған. Дәрігерлер өз ісіне салғырттық танытпағанда әйелдер мұндай диагнозбен қиналмайтын еді. Босанардың алдында екі тәулік толғаттым. Бұл іштегі балаға да кері әсерін тигізді. Қазір ұлым 2 жас 6 айға толды. Қатарластарымен салыстырғанда дамуы жағынан артта қалып жатыр. Іс-әрекеттерінен аутизм белгілері де байқалады”, – дейді Ақерке.

“Қынаптан да, тік ішектен де нәжіс шығатын”

Кейіпкер бұл ауруды қалай анықтағанын және оны емдеу жолында қандай қиындықтарға тап болғанын баяндады. 

“Негізі маған екі бірдей диагноз қойылды. Бірі – ішектің бітелуі және тік ішек қынаптық жыланкөз. Бұл диагнозбен емделіп кетуім екі талай. Өйткені сырқаттың бұл түрі дәрі-дәрмекті былай қойғанда, отамен де жазылмайды. Мысалы, мен қынаптан жел шығып жүргенін жиі байқадым. Мен босанғаннан кейін шығып жатқан жатырда қалып қойған газ деп ойладым. Бірақ олай болмай шықты. Сондай-ақ нәжістің қынаптан да, тік ішектен де шыққанын байқадым. Мұның дұрыс емес екенін түсініп, бірден гинеколог маманға жазылдым. Алайда бұл нәрсе гинекология саласына жатпайтындықтан, маман ағзадағы ақауды таба алмады. Сөйтіп мені проктолог маманға жіберді, ол бірден түсінді. Дәрігер тік ішек пен қынаптың арасында тесік барын анықтаған соң алғашында дәрі-дәрмекпен емдемек болды. Алайда бұдан еш нәтиже шықпады.

Айтуынша, диагнозды емдеу үшін 3 сатылы отадан өту керек. Алайда тіпті ота да Ақеркенің толық айығып кетуіне кепілдік бермейді.

“Содан Астана қаласындағы дәрігердің қабылдауына жазылдым. Ол 3 сатылы ота жасауды ұсынды. Тесікті бітеу мүмкін емес. Өйткені нәжіс ағзадан үздіксіз шығатындықтан ол қынаптың жазылуына кедергі жасайды. 1-сатыда тік ішекті сыртқа шығардық. Яғни, уақытша ағзадағы нәжіс табиғи жолмен өте аз мөлшерде шығады немесе мүлдем шықпайды. Отаның бірінші сатысында-ақ 70% рецедив (аурудың қайталануы) қаупі болды. 2-сатыда тік ішек пен қынаптың арасындағы тесікті тігіп, емдеу керек. Ал 3-сатылы отада тік ішекті қайта орнына қойып, стоманы алып тастайды”, – дейді Ақерке.

“3 сатылы ота құлан-таза айығып кетуіме кепілдік бермейді”

Сөйтіп кейіпкеріміз 2023 жылы қаңтар айында 2-сатылы ота жасатты. Ота сәтті өтті. Бірақ әйелдерде етеккір келетіндіктен ол ағзадағы инфекцияның таралуына жағдай жасайды. Сол себепті ауру қайта асқынып, ірің пайда болған. Содан тік ішек пен қынап арасындағы тесік қайта ашылып кетеді. Алайда Ақерке мұнымен тоқтамайды. Кейіпкеріміз алдағы уақытта тағыда  ота жасатуды жоспарлап отыр.

Сонда да 3 сатылы ота менің құлан-таза айығып кетуіме 100 пайыз кепілдік бермейді. Бірінші отада тік ішекті алдыңғы құрсақ қабырғасына шығарып қойды. Мұндағы мақсат – тік ішектігі нәжіс қынапқа таралмауын қадағалау. Сол себепті қабырғаға шығарылған тік ішектен нәжіс шығатындықтан оған арнайы қап киіледі. Оған нәжіс толған кезде қапты уақытылы ауыстырып отыру қажет. Екінші ота сәтті өткенімен, рецедив болып, іріңді алып тастады. 

Ақерке үшін бәрінен де қаппен жүрі қолайсыздық тудырады. Қоғамдық орындарада, жұмыста, жиналыста отырғанда тік ішектен жел шығады. Бұл дыбыстың жанындағы адамдарға естілуі заңдылық. Ал барлығына өз жағдайыңды, диагнозыңды түсіндіріп жату мүмкін емес. Сондай-ақ кейіпкерімізге қоғамдық көлікте де қаппен жүру қиын.

“Адамдар көп болған кезде қысылып, қап ашылып кетуі мүмкін. Үнемі таксимен жүру тиімсіз екені белгілі. Сондықтан қоғамдық көлікпен жүруге мәжбүрмін. Үйде нәжіс толы қапты ауыстыру қиындық тудырмайды. Алайда жұмыста жүргенде қапты ауыстыру ыңғайсыз. Себебі ол кезде де қапты ауыстыра отырып, күтім жасау керек. Жұмыс кезінде күтім жасауға жағдай жоқ. Сондықтан ең қажетті ем-шараларын жасап, қапты нәжістен босатамын”, – дейді Ақерке.

@akerke_aidan

 

♬ оригинальный звук - Akerke•Айдан💎

“Стомасы бар әйелдер үшін басты шектеу – жүктілік”

Сап-сау адамнан бір сәтте ерекше күтімді қажет ететін жанға айналғаны Ақеркеге ауыр тиген. Осыған дейінгі өмірді ұмытып, көп дүниеден бас тарту, өзін қазіргі қалыпта қабылдау да оңай болмаған. Ол өмірінің қалай өзгергенін және денсаулығының жолында нені құрбан еткенін айтты.

“Стомасы бар әйелдерге бала жоспарлауға, тууға болмайды. Әйелдер үшін ең негізгі шектеу осы деп білемін. Бұл сырқатым жазылады ма, жазылмайды ма, әзірге белгісіз. Қаппен жүргендіктен бала жоспарлау өте қауіпті. Ішке инфекция түсіп, бала түрлі аурулармен тууы мүмкін. Сондай-ақ диагноз қойылған соң күреспен айналысуға тыйым салынды. 

“Алғашында мүгедек екенімді қабылдау қиынға соқты. Қанша жыл күреспен айналысып, жетістіктерге жетіп, ешқашан денсаулығыма шағым айтпаған едім. Сонда бір-ақ сәтте мүгедек болып қалуым жаныма қатты батты. Әлі де өзімді осы қалпымда қабылдадым деп айта алмаймын. Бірақ өмір жалғасып жатыр және қиындықпен арпалысу керегін түсінемін”, – дейді Ақерке. 



“Жақындарым теріс айналғанда, күйеуім мен енем демеу берді”

Ақерке әлеуметтік желіде өте белсенді. Блог жүргізуді келіншек диагноз қойылмай тұрып бастаған. Сондай-ақ өзінің осы шешіміне дән риза. 

“Блог жүргізуді аурырмай тұрып бастағанмын. Кейін аудиториямның алдында стомамен көріне бастадым. Қазір ойлап қарасам, бұл өте дұрыс шешім болды. Өйткені тік ішекті сыртқа шығарғаннан кейін өзімді жалғыз сезінетінмін. Әлеуметтік желіге салған видеоларымнан кейін өзім сияқты адамдардың көп екенін көрдім. Тіпті Telegram желісінде арнайы топ аштым. Шет елдерден, әлемнің түкпір-түкпірінен маған қолдау көрсету мақсатында түрлі хабарламалар келеді. Бұл маған шабыт беріп, қуаныш сыйлайды. Қиналған кезімде жанымнан табылып, жақындарым менен теріс айналғанда қолдау көрсетіп, демеу берген күйеуім мен енеме ерекше алғыс айтамын.”, – дейді ол.

Осы тұста Ақерке стоманың алдын алу үшін не істеу керегін айтып қана қоймай, оның белгілеріне де тоқталды. 

“Стома көп қыз-келіншектерде бар. Бірақ ұялғандықтан ол туралы айтпауға, оны жасырып қалуға тырысады. Әйелдерде жүктілік кезінде немесе босанғаннан кейін стоманың бірнеше белгілері байқалуы мүмкін. Ол нәжістің қынаптан да, тік ішектен де шығуы, қынаптан жел шығуы секілді белгілер. Ондай жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал. 

Әйелдерде мұндай жағдай жиі болады. Егер аталған белгілерді байқасаңыздар, қол қусырып қарап отырмай, емделіңіздер. Бұл диагноздың емделіп кетуі қиын. Сондықтан алдағы уақытта балалы болғыңыз келсе, денсаулығыңыздың жақсы болғанын қаласаңыз, шұғыл емделіп, дәрігерге қаралыңыздар. Өзіңізге немқұрайлы қарамаңыздар! Сіздің денсаулығыңыз тек сізге ғана керек. Бұл болмашы тесік деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ ол асқынып кетсе, денсаулыққа әкелетін зардабы көп”, – деген Ақерке қыз-келіншектерді уақытылы емделіп, күтіну керегін айтады.

@akerke_aidan

Не было бы нас сейчас, если бы не пытались бы тогда….

♬ оригинальный звук - Akerke•Айдан💎

 

Талқылау