Тоқаевқа балалар шотына Ұлттық қордан қаражат аудару шешімінен бас тарту ұсынылды: Сарапшылар неге дауласуда
1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдау жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлттық қор – балаларға" атты бағдарламаны енгізуді ұсынды. Оған сәйкес 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жинақтаушы қорына аударылады. Қор табысын балаларға теңдей бөлу қаншалықты орынды? Бұл мемлекет үшін тиімді ме? Бұл сұраққа жауап табу үшін Stan.kz тілшісі сарапшылармен тілдесіп көрді.
Айта кетсек, Қазақстанның Ұлттық қоры 2000 жылы құрылған. Мемлекеттік қорды қазіргі таңда сенімгерлік шарт арқылы Ұлттық банк басқарады. Заңға сәйкес Ұлттық қор жинақтау және тұрақтандыру функцияларын атқарады.
QazTrade Telegram-арнасының мәліметінше, Ұлттық қордың жылдық орташа табысы 3,17% болса, 2021 жылы инвестициялық табысы 3,4 миллиард теңгеге жеткен.
"Бағдарламаның болашағы бұлыңғыр"
Экономист Айдархан Құсайынов "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының орындалуы екіталай екенін мәлімдеді. Себебі табыс балаларға теңдей бөлінген сайын қордағы қаражат та азая түседі, дейді ол.
"Президент өз жолдауында ұсынған бағдарлама зейнетақы қорындағы қаражатты шешуге рұқсат бергенмен бірдей. Егер ақша дәл осылай есепсіз шашылса, мемлекет басшысының бұл уәдесі орындалмай қалуы да әбден мүмкін. Сондай-ақ қазір Ұлттық қор активтерінің кеміп жатқанын да ескерген абзал. Ал инвестициялық табысты теңдей бөлу қордағы қаражатты одан әрі азайтады, яғни инвестициялық табыс төмендесе, түсетін қаржы да кемитіні сөзсіз. Осы себепті мұның еш мәні жоқ деп есептеймін", – деді сарапшы.
Айдархан Құсайынов қор арқылы балаларға түсетін қаржының доллармен есептелуі де күдік туғызатынын айтты. Сөзінше, келешек ұрпаққа деп ашылған қор табысы төл теңгемізде емес, доллар бағамымен өлшенуі ұлттық валютаға деген сенімсіздікті көрсетеді.
"Балалардың жинақтаушы шотына шамамен 3 мың доллар түсетіні айтылды. Алайда президенттің халыққа табысты доллармен үлестіруі "Бізде қай валюта маңызды?" деген сұрақты туғызады. Үкіметтің өзі қаражатты доллармен жинаңдар деп үн қатқандай болды. Әрі түсініксіз тұстары жетерлік. Егер балалардың келешегін ойласа, неліктен білім беру саласына көбірек қаражат бөлмеске? Денсаулық сақтау саласын да дамыту қажет. Осы себепті мұны қаражатты ауаға шашу деп есептеймін", – деп түйіндеді ол.
"Бұл еліміз үшін жақсы инвестициялық бастама болмақ"
Ал GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық аталмыш бағдарламаны "азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жасалған қадам" деп атады.
"Менің есептеулеріме сәйкес Ұлттық қорда 52,5 миллиард доллар бар. Қазір инвестициялық табысы сын көтермейді, мұны жасыра да алмаймыз. Дегенмен жылдық табысты 10%-ға дейін көтеру мүмкіндігі бар және осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бұл дегеніміз 5 миллиард доллардан асып жығылатын қаржы. Тең жартысы, яғни 2,5 миллиард долларды 6,1 миллион балаға бөлу керек. Сонда әр баланың шотына жылына 400 доллардан түседі", – деп түсіндірді сарапшы.
Мақсат Халық президент атаған бағдарламаның еліміз үшін жақсы инвестициялық бастама екенін атап өтті. Дегенмен табысты арттыру үшін білікті мамандар санын көбейту керек, дейді.
"Егер балалардың шотына түсетін қаржы аз болса, қорға жауап беретін қызметкерлерге де тұрғындар тарапынан көп сұрақ қойылады. Мұның алдын алу үшін Ұлттық қордағы инвестициялық табысты көбейту үшін осы бағытта тер төгетін білікті мамандардың санын көбейту қажет. Сонда келер ұрпақтың болашағына қажет қаражатты жинау үшін қадам бастық деп есептеймін. Өйткені бұған дейін қор бюджеттің тапшылығын жауып тұру үшін қолданылып келсе, енді Ұлттық қорда "келешек ұрпақтың қоры" деген функциясы қосылады. Алдағы уақытта қордағы инвестициялық табыс ұлғая беретін болса, балалардың шотына түсетін қаржының да көбейері сөзсіз. 18 жасқа толған соң ұрпағымыз шоттағы ақшаны білім алуына немесе денсаулығына, баспаналы болуға жұмсайды", – деді Мақсат Халық.
Сарапшының сөзінше, Ұлттық қор бұған дейін талан-таражға салынып келген. Бұл ұрпаққа арналған қордың таусылып жатқанын көрсетеді екен.
"Биылдың өзінде 2,6 триллион теңге аударылуы керек еді, бірақ үкімет қордан 2 триллион теңге алдық. Мұның барлығы бізді жаңа бюджет саясатын қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Алдағы уақытта қор ашық болып, толығымен бақылауға алынуы қажет", – деп аяқтады Мақсат Халық.
“Қордың орташа жылдың табысы 3,6% ғана”
Tengenomika Telegram-арнасының ұсынған мәліметіне сәйкес, әлемдегі 30-дан аса мемлекеттің ұлттық қоры бар. Сонымен қатар отандық Ұлттық қордың моделі ретінде алынған Норвегиядағы қор жинақтау және тұрақтылық функциясын атқарады.
"Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық табыстың жартысын алу туралы бастамасы қауіпке толы, себебі Ұлттық қордың жинақтау функциясының тиімділігін төмендетеді. 2022 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша Ұлттық қордың активі 53,3 миллиард доллар, бұл 2021 жылдың соңындағы көрсеткіштен 3,6%-ға төмен. Сондай-ақ қор құрылған уақыттан бастап 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін жылдық табысы орташа 3,22% ғана болған", – делінген хабарламада.
Telegram-арнаның мәліметінше, егер жыл сайын инвестициялық табыстың 50 пайызы балалардың шотына аударылса, онда 5 жылдан кейін қордағы қаржы 3,6 миллиард долларға азаяды.
Сонымен қатар 18 жыл бойы инвестициялық табыстың тең жартысын алып отыру әр балаға тиесілі үлесті азайтады. Бұған бала туу өсімі де себеп екен. Сәйкесінше, баланың жинақтаушы шотына түсетін қаражат жыл өткен сайын азаяды.