"Баға шарықтап, емделушілер азаяды": Сарапшылар медициналық қызметтерге қосылған құн салығын енгізуге қарсы шықты
Мамандар медициналық қызмет бағасының өсетінін болжап отыр. Себебі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин денсаулық сақтау саласына 10%-дық ҚҚС ставкасын енгізуді ұсынды. Министрлік бұл көрсеткішті төмендетілген деп атайды. Алайда бұрын медицинаға қосымша құн салығы мүлдем салынбаған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Салық сарапшысы Айдар Масатбаев денсаулық сақтау нысандарына 10%-дық салықты енгізу емделушілерге дәрі-дәрмек сатып алу кезінде де, ақылы медициналық қызметтерді пайдалану кезінде де жүктелетініне сенімді.
“ҚҚС кедейлер үшін салық, өйткені оны түптеп келгенде тұтынушы төлейді. Расында, баға өседі. 10%-бен шектелмейді деп ойлаймын. Ең құрығанда 12-15% жоғары болады, бірақ бұл ҚҚС-тың өзі емес, медициналық қызметтер мен медициналық препараттардың құны. Ол еріксіз көтеріледі деп алаңдаймын”, – деді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.
Сонымен қатар медициналық көмекке бюджеттік шығындарды кепілдендірілген көлемде реттеу қажет болады. Сарапшылардың болжамы бойынша, салық қазанның басында енгізілуі мүмкін.
Жеке клиникалардың иелері бағаның өсуіне байланысты емделушілер саны азайып, қызметкерлердің жалақысы мен жаңа құрал-жабдықтарға инвестицияны қысқартуға тура келеді деп қауіптенеді. Дәрілік заттар мен шығын материалдарының қымбаттауына байланысты өзіндік құн да өседі.
Елордалық медициналық орталықтың меңгерушісі Данияр Қалиев мемлекеттік медицинамен бәсекелестік онсыз да әділетсіз дейді . Оның үстіне мемлекеттік емханалар да ақылы қызмет үшін ақша алады.
“Мемлекеттік медициналық ұйымдардың ғимарат пен медициналық құрал-жабдықтарды тегін алуға мүмкіндігі бар. Бірақ біз мұның бәрін сатып алуға мәжбүрміз. Мемлекеттік медициналық ұйымдар жеңілдетілген жағдайда екен. Осылайша олар медициналық қызметтердің бағасын төмендете алады”, – деді "ICLINIC" медициналық орталығының меңгерушісі Данияр Қалиев.
Дәрігер Қайырғали Көнеев те денсаулық сақтау саласына салық салудың ерте екеніне сенімді. Сонда медициналық сақтандыру қоры да 10% салық төлеуі керек.
“Теріс салдары өте үлкен. Көптеген медициналық ұйымдар шет қалады, оның салдары тек экономикалық емес, ғылыми-техникалық салдары да болады. Соңында адыраспанмен емдеп кетеміз”, – деді балалар невропатологы, қоғам қайраткері Қайырғали Көнеев.
Дәрігерлердің пікірінше, Қазақстанға Қытайдағыдай медициналық туристер көптеп келсе, бұл басқаша болар еді. Онда медициналық мекемелер үшін ҚҚС 6%.
Еске салсақ, үкімет қосылған құн салығы бойынша шекті соманы 15 миллион теңгеге дейін төмендетіп, 16% мөлшерлемені таңдаған еді.