Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына қазақ қызының есімі берілді
Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына қазақ қызы Алма Оразалинованың есімі берілді. Бұл туралы Хабар 24 арнасы хабарлады.
Отандасымыз халықаралық қаржы орталығында өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен екен. Өмірден ерте өтсе де, даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі Америка, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне танымал.
Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің штаб пәтеріне кіру оңай емес. Стратегиялық маңызды нысан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін жабық. Міне тап осы орында қазақ қызының есімі ерекше дәріптеледі. «Не үшін?» дейсіз ғой. Себебі қандасымыз банктің дамуына зор үлес қосқан. Халықаралық қаржы орталығына сіңірген еңбегі ерен. Мұны бәрі мойындайды.
“Алмамен таныс болғанымызға 20 жылдан асты. Кезінде түрлі жобаларды бірлесе атқардық. Тек әріптес емес, жақсы дос болдық. Оның іскерлігіне тәнтімін. Жұмысқа өте тиянақты, әр міндетін мінсіз атқаратын”, – деген пікірін білдірді Бүкіләлемдік банк қызметкері Джейн Клемент.
Алма Оразалинова Мәскеу мемлекеттік университетінде, Массачусетс технологиялық институтында білім алған. Сондықтан банк басшылығы оған аса маңызды жобаларды сеніп тапсырып, іскерлік қабілетін жоғары бағалады. Нәтижесінде отандасымыз жүктелген кез келген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, ұжымында зор абырой-беделге ие болды. Алайда бейнетінің зейнетін көру маңдайына жазбапты. Ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын көз жұмды.
“Алманың орны ойсырап тұр. Оның ерен еңбегі ескеріліп, мәжіліс залына есімі берілді. Ол Бүкіләлемдік банкте синдикация және Исламдық қаржыландыру процесі бойынша қажырлы қызмет етті”, – дейді Джейн Клемент. Бүкіләлемдік банктің тағы бір қызметкері Олимпия Аджиноның айтуынша, Алмамен 12 жыл әріптес болған. «Банк тарихында оның алатын орны орасан. Іскер, білімді әрі достыққа адал жан еді».
Алма Оразалинова өмірінің соңғы күндеріне дейін адал қызметкер екенін дәлелдеп өтті. Әріптестерімен үнемі тығыз байланыста болып, күрделі есеп-қисаптарды шебер шешіп отырды.
Банкте ол кедейшілікпен күрес бағытында еңбек етті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында даналықпен дараланған қазақ қызы дамушы елдер үшін маңызды жобаларды жүзеге асыра білді. Оның игі бастамалары әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Елге мейірім шуағын төккен Алманың атындағы аудиторияда енді кедей-кепшіктерге көмек көрсетуді көздеген маңызды шешімдер қабылданып жүр.
Оқи отырыңыз:
Ресей соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздестіріп жатыр
Атырауда мұнай зауытында болған апаттың себебі анықталды
Тест: Сіз қаншалықты қырсықсыз?
Ақтөбеде келіні инсульт алған қайын атасын қаңғыбастар үйіне тастап кетті