Әзірбайжан сұраған: Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге түркиялық мамандар қатысады
Ақтаудағы Әзербайжан әуе жолдары ұшағының апатына қатысты тергеуге түркиялық мамандар қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Бұл туралы Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу комиссиясы Әзірбайжан мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің сұранысы бойынша құрылған.
"Техникалық және операциялық талдау жүргізіп, қажетті қолдау көрсетеміз. Оқиғаның барлық мән-жайын зерттеу үшін құзырлы органдармен бірлесе отырып жұмыс істейміз", – деді Түркия министрі.
-
Ұшақ апатын жан-жақты зерттеуге бар күш-жігерімізді саламыз: Тоқаев пен Ильхам Әлиев сөйлесті
-
Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзірбайжан Шешенстанға прокурорлар тобын жіберді
Абдулкадир Уралоглу делегацияның 27 желтоқсан күні кешке Бакуге аттанатынын және 28 желтоқсаннан жұмысқа кірісетінін айтты.
"Түркия кез келген жағдайда Әзірбайжанды қолдайды", – деді министр.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді.