Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айт күні қандай амалдар істеу сүннет?

Мұсылманның екі мерекесі бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт.

image

Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi».
Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. «Ъада» сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – «иъадат», яғни «хал сұрасу», «бiр-бiрiн қуанту», «қуанышқа топталу”, – деп жазады “Ислам және өркениет” газеті.

Демек, айт сөзiн «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді».

Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.

Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жән-нәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

Айт намазы

Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiздiң ұраны болғандықтан, Пайғамбары-мыз (с.ғ.с.) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғиба-даттармен басталады.

Айт намазына мешiтке бара жатқанда такбир айтқан дұрыс. Рамазан айтта такбир iштен, ал құрбан айтта жария, дауыстап айтылады.

Айт намазының уақыты – күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн.

Айт намазы мерекенің ал-ғашқы күнi оқылуы тиiс. Ол жұма намазы парыз болған адамдарға уәжiп. Намаз – жұма оқылатын мешiттерде немесе келiсiлген алаңда жиналып оқылады.

Пайғамбар заманын-да мешiтке сыймағандықтан, Мәдина қаласындағы пайғам-бар мешiтiне жақын жердегi кең орында оқылған.

Айт намазы екi рәкағат, намаз соңынан хұтба оқыла-ды. Хұтпада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамағатқа уағыз-наси-хат айтатын болған.

Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – азан мен қамат айтылмайды.
Айт күнi момын-мұсыл-мандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды.

Бауырмалдыққа баулитын сәт

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-анала-рыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыс-тығы бар көршi), бөгде көр-шiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», – дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды», – деген.

Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.

Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді.

Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады», – деп ортаншы және сұқ саусақтарын көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. «Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман Алла тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты. Немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi», – дейді Алла елшісі (с.ғ.с.).

Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ре-тiнде берілуі уәжiп етілдi», – дейді (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiншi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Ораза айты аса маңызды мейрам болғандықтан оған ерекше дайындық жасаған жөн, әсіресе әйел кісілер. Ол қандай дайындық?

–       Ең алдымен үйіңізді тазалап, ретке келтіріңіз;

–       сол күні әдеттегіден ертерек тұрып, әзірлікке кірісіңіз. Қонақ бөлмеден бастап аулаңызға дейін мұнтаздай таза тұрсын;

–       сосын дастарханыңызға қояр тәттілеріңіз бен дәм-тұзыңызды әзірлеп қойыңыз;

–       келген қонақтарды жылы жүзбен күтіп алып, қолыңыздағы барыңызды алдына қойып бар ықыласыңызбен шығарып салсаңыз, міне, мұндай әйелге қонақтар да, еріңіз де разы болмақ;

–       есіңізде ме, кезінде апа-әжелеріміз ер адамдар Айт намазынан келгенше самауырды қайнатып, дастарханды жайнатып айтшыларды қарсы алуға бар дайындығын жасап қоятын;

–       ескере кететін жәйт, сол күні қонақтар келмес бұрын үй шаруасымен жүріп өзіңізге көңіл бөлуді ұмытып кетпеңіз. Киіміңіз таза болсын;

–       балаларыңыз бен жұбайыңыздың киімдерін де бір күн бұрын дайындап қойыңыз;

–       балаларыңызға мейлінше көп көңіл бөліп, оларға сый-сыяпат жасаңыз. Қуантыңыз. Осындай маңызы зор мерекені тойлауды басты міндетім деп біліңіз, балаларыңызға да мереке жайлы айтқаныңыз дұрыс;

–       отбасыңызда Ораза айты жыл сайын асыға күтетін мейрам болғаны құба-құп.

Талқылау