Айсұлтан Назарбаев Қазақстанда футболдан әлем чемпионатын өткізгісі келеді
Айсұлтан Назарбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 2030 жылы Қазақстанда футболдан әлем чемпионатын өткізгісі келетінін айтты.
“Қазақстанның өзекті технологиялардың әлемдік астанасына айналуына жылдан аз уақыт қалды. 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін миллионнан астам адам Астанаға келеді. Бұл жоба Қазақстанды алға жылжытуға мүмкіндік береді. Технологиялық даму тұрғысынан ел экономикасына көп көмегін тигізеді. ЭКСПО – бұл ауқымды жоба. Оның ел тұрғындары мен елге берер пайдасы мол.
Әлемдік өркениет ағымына ілесу үшін мұндай жобалар елімізде көптеп өткізілуі тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізді, енді 2017 жылы ЭКСПО бар. АҚШ-тың сол кездегі бас хатшысы Хиллари Клинтон: “ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы рөлін арттырды” деді. Дипломаттар тілінде бұл нағыз мойындау екені белгілі. Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан енді ғана асқан ел үшін бұл үлкен құрмет!
Бұл жобалардың барлығында Президенттің қолтаңбасы айқын аңғарылады. Мен оның мінезін жақсы білемін – ол ақылды стратег, және барлық шаруаны еш себепсіз атқармайды. Ол әрбір жобаның елге тигізер пайдасын дәл есептей алады.
Қазақстанның ендігі макро-мақсаты елде футболдан әлем чемпионатын өткізу. Шамамен 2030 жылы. ӘЧ – бұл спорттық сайыстан да деңгейі жоғары дүние. Соңғы кездері бұл турнирді өткізген елдердің даму деңгейі күрт артуда. Бұл өз кезегінде әлемнің назарын аударады және туристердің келуіне себеп болады. Сондай-ақ, халықаралық бизнесті де біздің елімізге алып келіп, ішкі инвестицияны арттырар еді. Әлемдік тәжірибе чемпионаттың елде өткізілуі елдің аса ірі қарқынмен дамуына септігін тигізетінін дәлелдеп отыр.
Өздеріңіз қараңыздар, чемпионатты өткізсе ішкі бизнес көп тапсырыс алады, елдегі қонақүйлер саны көбейеді, миллиондаған қонақтарды қабылдау кезінде елдің транспорттық жүйесінің сапасы артып, әрбір көлігі бар адам өзіндік табыс табу мүмкіндігіне ие болады.
Ал ең бастысы елдегі кішкентай балалар футболдың тынысын сезінеді, әрі спортқа деген қызығушылықтары артады. Бапкерлердің де ықыласы ашылып, инфрақұрылым сапалы түрде жаңаланады, салынады, футболды дұрыс дамыту стратегиясы құрылады, бұл дегеніңіз футболдың болашағына салынған үлкен инвестиция. Біздің футбол ұлттың денсаулығы мен дамуына еңбек сіңіруі тиіс.
Әрине, чемпионат өткізу үшін өтініш беру, ол бәйгеде жеңіп шығу өте қиын тапсырма. Бірақ, Қазақстан үшін бұл өте маңызды екеніне еш күмәнданбаймын. Мен бұл чемпионаттың өткізілгенін тек қаламаймын, мен оны өзім жоспарлап, Қазақстан үшін барлық қажетті шаруаны атқаруға да дайынмын”, – деп жазды Айсұлтан Назарбаев.
Оқи отырыңыз:
Головкин Астанадағы екі пәтерін сатпақшы
Аршавин жылқы еті мен қазыны жақсы көріп жейтінін, бірақ бешбармақты ұнатпайтынын айтты
Евгений Тищенко қазақтарға деген өкпесін айтты