Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұнда жүрген ақын-жазушы, чемпиондар - сатқындар": Митинг кезінде 7 сағат бойы қоршауда болған белсенді оқиғаның қалай өрбігенін айтты

Алматыда 10 қаңтарда парламенттік сайлау күні митинг өткен болатын. Митингке қатысқандардың мәліметінше, Жанболат Мамай және Демпартия жақтастарын, "Оян Қазақстан" белсенділерін арнайы жасақ өкілдері кешкі сағат 19:00-ге дейін қоршаудан шығармай ұстап тұрған. Stan.kz тілшісі митингке қатысып, 7 сағат далада қоршауда болған қоғам белсендісі, журналист Айсана Әшіммен сөйлесіп, оқиғаның қалай өрбігенін, қоғам қайреткерлерінің әрекеттері жайлы сұрап білді. 

"Оян Қазақстан" қозғалысының мүшелерін Сатпаев пен Достық көшелерінің қиылысында, ал Республика алаңында Қазақстанның демократиялық партиясын ұстаған. Алғашқыларды жеті сағат, ал Демпартия өкілдерін 11:30-дан бастап арнайы жасақ қоршауға алып, он сағат бойы далада жібермей тұрған.

Айсана Әшімнің айтуынша, ол құрамында болған "Оян Қазақстан" қозғалысы мүшелері митингке шықпаған, тек көшеде өтіп бара жатқан. Сол уақытта арнайы жасақ пен полиция оларды қоршап алған. 

"Бізді итеріп, ұрғылай бастады. Мен құлап қалдым, қасымдағы қыздың киімі жыртылды. 13:20-дан бастап жеті сағат бойы олар бізді далада ұстап тұрды. Осы уақыт аралығында ешкім өзін таныстырған жоқ: олардың ішінде "Нұр Отан" партиясының мүшелері, әкімдік өкілдері болды, олар бізді айналып қоршап жүрді. Қоршалған адамдар қаласа кете алады деген жалған ақпаратты құқық қорғаушыларға таратты. Алайда шын мәнінде адамдар дәретханаға да шыға алмады", - деп еске түсіреді белсенді.

Айтуынша, митинг кезінде екі рет жедел жәрдем шақырылды. Оның өзінде жедел жәрдемді полиция емес, өздері шақырған.

Сондай-ақ, Айсана Әшім интернетке қосылу, байланысқа шығуға мүмкіндік болмағанын айтып өтті.

"Автобус бізді жолаушылардың көзінен таса етті. Біздің таныстарымыз бен достарымыз киім-кешек, шұлық, тамақ сияқты қажет заттарды беріп жібере алмады, себебі көшелердің бәрі қоршалған еді. Бірінші жедел жәрдемді үстіне мұз құлаған қыз шақырды. Тағы екі қозғалыс мүшесі қатты тоңғаннан жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды. Бізге тамақ, киім-кешектерді беріп жібере алатындай мүмкіндік болды. Ал Демократиялық партия атынан шыққандарға тамақ жеткізу де мүмкін болған жоқ. Олардың дауыстары шықпас үшін жаңғыртып музыка қойды. Бірнеше сағат бойы Димаштың "Боран" атты әні қосылып тұрды", - дейді белсенді. 

Қазіргі уақытта ешқандай қысым жасалып жатпағанын айтқан Айсана арыз дайындау үстінде.

"Нақты айтсақ: Әкімдіктің ішкі саясат басқармасына ҚК-тың 362-бабы "Лауазымын асыра пайдалану" бойынша,  Бостандық ауданы ІІБ-ға ҚК-тың 146-бабы "Қорлық көрсету" бойынша, прокуратураға арыз, әкімдікке шағым, азаматтық сотқа моральдық қауіп төндірген үшін шағым түсіретін боламыз. Олардың аттарына шағымдарды толтырып тастау үшін қатысушылардың бәрі жеке өз атынан арыз жазатын болады. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) Қазақстандағы сайлау жайлы, ондағы қысым мен азаптау жайлы да атап өтті. Арыз рәсімдегенде нақты кімнің атына бағытталғанын жазу керек, алайда бізге ешкім аты-жөнін таныстырған жоқ", - дейді Айсана Әшім. 

 

Митингте жүрген ақын, жазушы, чемпиондар - сатқындар

Айтуынша, митингте болған ақын, жазушы, чемпиондар алаңда еркін жүрді, оларда кіріп-шығып жүруге мүмкіндік болды.

"Мәнсіз, жөнсіз нәрселерді айтып жүрді. Олар - сатқындар, халықты сатқандар. Олардың әрқайсысын анықтап, жеке-жеке зерттейтін боламыз. Ол жақта Еріктілер лигасын басқаратын Айсұлу Ерниязова болды. Оның бастамасымен былтыр Көкжайлауда шипажай салу мәселесі көтерілген еді. Барлығына белгілі, ғалымдар тарапынан да ол жақта шипажай салу мүмкін емес деген пікірлер айтылған. Бұл қыз былтырдан бері 3 млн теңгеге дейін салық шығарған. Жап-жас болып қазірдің өзінде "Нұр Отан" бюджетіне дәмденіп алғанын көруге болады", - дейді ол. 

Айсана митингке қатысқан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар ыңғайына қарай әрекет ететін, принципі жоқ адамдар екенін айтады. Ертең билік ауысқанда осы адамдар сөздерін өзгертіп, осы күндері митингте "Оян, Қазақстан!" деп айқайлап, халық жағында болғанын алға тартатын болады, деп пайымдайды. 

"Ермахан Ыбрайымов - өте жиіркенішті адам, еркек. Еркек деп айтуға да ауыз бармайтын шығар. Онымен бұрын сұхбаттасқан болатынмын, бокс чемпионы бола тұра қызды ұрып-соққаны кәсіби маманға лайықты әрекет пе? Осының бәрі ДПК жақта өтіп жатты, сондықтан көзбен көрген жоқпын. Оған арыз жазбаймын, себебі ешқандай қатысым жоқ", - дейді ол. 

 

"Омондар" адамдарды тергеуде ұстау тиімді емес екенін түсінді

Кеттлинг - 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап құқық қорғау органдары мен полиция қолданып жүрген адамдарды қоршау әрекеті, дейді Айсана Әшім. Олар адамдарды автобусқа салып, АІІБ-ға апару, оларды сол жақта ұстау тиімді емес екенін түсінді. Сондықтан адамдарды азаптайды. Бұл әдіс халықаралық деңгейде тыйым салынған, көптеген елде заңсыз деп табылған. 

"2011 жылы Ұлыбританияда кеттлингті студенттерге қарсы қолданған. Содан кейін билікке көптеген шағым түскен еді. Біз де тиісінше арызданатын боламыз, қазіргі уақытта бізбен АҚШ-тың бас елшілігі, басқа ұйымдар хабарласты. 16 желтоқсанда біз бәрін аяғына дейін жеткізген жоқпыз, алайда мына жағдайдан соң біз үндемей қалмаймыз. Себебі бұл - ұстау емес, нағыз азаптау", - дейді ол.

 

Митингке шыққан қарапайым адамдар билікке таласпайды

"Қозғалыс қатысушылары бетперде таққан, киінген еркектер қазақ қызын видеоға түсіріп, мазақ етті. "Мына орыстар, қазақтың иісі де шықпайды" деп айқайлады. Бұл - нағыз ұлтшылдық. 

Бұл адамдар не үшін митингке шықты? Бұл адамдар билік үшін таласпайды. Олар әділетті сайлау мен соттар, үкіметтің ашықтығы, сайлауға түскісі келетін адамға мүмкіндік ашылуы үшін шықты. Біздің елде қазір медицина, экология, білім беру салаларының астан-кесеңі шығып жатыр. Бұл - қарапайым адамдар, олардың ішінде медициналық университет студенті, Қытайдан келген қандасымыз, математика пәнінің мұғалімі бар. Бұл адамдарға ешкім ақша төлемейді, олар тек өз ар-ұяттары үшін шықты. Біз қазіргі жағдайдан жақсы елде өмір сүруіміз үшін шығып отыр", - дейді Айсана Әшім. 

 

 

 

Талқылау