Айна Досмахамбетқызы: Әйел өзін жақсы көрмегенде, бетіне мені ұруға болады деген жазу шығады
Қазақ елі ерте заманнан бастап қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, отбасындағы береке тікелей отанасына байланысты деп сенген. Қазіргі уақытта заман өзгерсе де, жанұяның бақыты тек әйел адамға байланысты ма?
Қазақ әйелдері мен қыздарына арналған танымал #Ажыраспа блогының авторы, I book you атты кітап клубының негізін қалаушылардың бірі Айна Досмахамбетқызы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне кішкентай қыздардың қоғамдағы өзекті мәселелерін, жанұяда ұрыс-керіс болған жағдайда кімнен ақыл сұрау керектігін, өз блогы арқылы не айтқысы келетінін және ер адамдар неліктен көзге шөп салатынын айтып берді
Айна, блогыңыз “Ажыраспа” деп аталады. Оны жүргізу туралы ой қалай туды? Не себепті ажырасқаннан кейін, “ажыраспа” деп бастадыңыз? Өзіңізде сондай өкініш сезімі болды ма?
Өкініштен емес. Маған бір нәрсе қызық. Мысалы, неге мен Түркияға барып демалып, қонақүй мен өзімнің тәжірибем туралы жазсам, адамдар “өкінгеннен кейін жазып жатырсыз ғой, иә?” деп cұрамайды. Әрдайым өзімнің тәжірибемнен өткен дүниені жазамын. Жасаған нәрселерімнің ешқайсысына өкінбеймін. Блогты жазып бастаған себебім — қыз бала тұрмыс құрған соң қандай мәселелер болатынын айтуда. Мысалы, ене араласып, күйеуі қыдыруы мүмкін. Ажырасқаннан кейін олардың проблемаларын ешкім айтпайды.
Бәрі қазір ажырасам өмірім күшті болып кетеді, мәселелер жойылады деп ойлайды. Әрине белгілі бір мәселелер шешіледі, некеде тұрғанда енесі араласса, енді енесі жоқ дегендей. Бірақ басқа проблемалар пайда болады. Мен жай ғана әйелдерге осыны көрсетіп, салыстырмалы түрде айтқым келді. Ажырасқан соң проблемалар көп, олар басқаша және сіздер оларды білмейсіздер. Кейбір кезде олар мысалы енеден де қиын. Одан да енеге шыдай тұрған дұрыс. Ажырасу — мәселенің шешімі емес. Ажыраспай тұрып кез келген жолдарды тауып көру керек.
Сіздің “Инстаграмдағы” парақшаңыздан жас аналарға қатысты конференцияға қатысқаныңызды көрдік. Осыған тоқталып өтсеңіз. Қыз балаларға қатысты жоба ұйымдастырып жатырсыз ба?
11 қазан — халықаралық қыздар күні. Олардың құқығын қорғауға арналған күн. Кішкентай қыздардың да құқығы, одан бұрын айтатын сөздері, пікірлері бар. Біз ата-ана ретінде олардың орнына шешім қабылдамау керекпіз. UNFPA ұйымдастырған шарасы болды. Шараның аясында қыздардың құқығына не жататыны түсіндірілді. Олар көп статистикалық мәліметтер арқылы біздерге дүниежүзінде, көп жағдайда шығыс елдерінде қыздардың құқығы қорланып жататынын көрсетті.
Мысалы, қыздардан сен тұрмысқа шыққың келеді ме, жоқ па деп сұрамайды, 12-13, 15 жасында жай ғана бере салады. Өзіңіз білесіз, тұрмыс құрсаңыз, сізді бала тууға мәжбүрлейді. Ал мүмкін қыз білім алып, содан соң, екі жылдан кейін босанғысы келетін шығар. Оның пікірі бар деп ешкім ойламайды. Байқаған шығарсыз, некеге тұрып, бірден бала көтермесеңіз, “бар емдел, дәрігерге қаралып кел” дейді. Ер адамға олай айтпайды. Бізде барлық проблема қыздардан сияқты. Ал мүмкін ол қыз баладан емес, жігіттен шығар. Сосын қыздарға жоғары оқу орнына түсу, жоғары білім алу міндетті емес деген түсінік бар. Оқығанша, үйдің шаруасымен айналыссын деген сыңайлы. Бізде қоғамдық қысым сезіледі.
Баяғыда қызды 400-500 шақырым жерге алып кеткенде оның арлы не арсыз екені ешкімге түсініксіз еді. Ал қазір мына тұрған жер, гинекологқа барып, тексерілуге болады.
Ата-аналар шынымен де өздерінің қыздарын аямайтын болғаны ма? Ол алып қашуға өзі келісім бергендей “сені алып қашты, сол үйге түнеп келдің, қайтып бар” деп балаларынан теріс айналады. Конференцияда сондай бір сұмдық нәрселер туралы айтылды. Қоғамның назарын сол проблемаға аударғымыз келеді.
Қазіргі күні сәбилерді қоқысқа тастап кететін жағдайлар көбейіп барады…
Себебі, ешкім қыздарға түсіндірмейді. Бізде жыныстық тәрбие жоқ. Ата-ана да, мемлекет те, мектеп те оны бермейді. Қызымыз екі қабат болып қалса бірден оны даттауға асығамыз. Колледжен бала табылса, жасөспірімдерді кінәлаймыз.
Біз ешнәрсе де айтпай, сақтану керектігін түсіндірмеген соң, олар қайдан білсін. “Ютубты” ашып қарайды, төсектес болып жатқан адамдарды көріп, тәп-тәуір нәрсе екен деп ойлайды. Ал біз балаларымызға жыныстық туралы айтатын болсақ, олар керісінше қызығушылық танытып сондай қатынасқа түседі деп ойлаймыз. Түркістанда өткен конференцияда осы туралы үлкен мәлімдеме жасалды. Үлкен зерттеу жүргізілді. Жасөспірімдерден құралған эксперименттік топ ашылып, оларға баланың қалай пайда болатыны түсіндірілген екен. Эксперименттен соң балалар қызығушылық танытып, жыныстық қатынасқа түскен жоқ. Керісінше, барлығын түсініп, сақтану дегеннің не екенін білді.
Ерте үйленіп, ата-анасының айтқанынан шықпайтын, аса алмайтын жұбайлар бар. Отбасында кризистік жағдай орын алғанда ата-ананың пікірін сұраған қаншалықты дұрыс?
Ата-анамен бірге тұрғанды қолдамайтындардың қатарына жатпаймын. Меніңше, ол жақсы. Жаңа түскен келін сол жанұяның ережелері қандай, қайын жұрты кім екенін біліп алады. Бірақ, менінше, кез келген отбасы бөлек тұруы керек. Себебі, жас жұбайлар ата-аналарының көзінше ұрыса алмайды. Үйде ыдыс-ақ сылдырламай тұрмайды дейді ғой. Ұрыспасаң эмоциялар жинала береді, айтпаған нәрселер көбейеді. Бір күні адам қандай жағдай болмасын жарылады. Темірден жаратылмаған ғой енді.
Менің ойымша, жанұя деген мемлекет. Бір мемлекеттің ішінде екіншісі бола алмайды. Әр адам өз проблемасын өзі шешуі керек дегенді ұстанамын. Ақылды мүлдем сұрамау керек деп айтпаймын, бірақ саған дұрыс ақыл береді ме, жоқ па сол үлкен сұрақ. Көп жағдайда енелер “өзің кінәлісің” “мен түнімен ойландым, балам алтын” деп кеңестерін береді.
Егер осылай ақыл айтса, қажет емес. Сізге қолдау керек болса, ата-анаңыздан, әпкелеріңізден сұраңыздар. Олар қолдайды, сізді жақсы көреді. Менінше, кеңесті жастарға қатысы жоқ адамнан, яғни психологтан сұрау керек. Қандай жағдай болмасын, қыз келіп анасына айтса, ұл кінәлі, ұл да анасына айтса, қыз кінәлі болып шығады. Себебі, әр адам өз баласын жақтайды. Психолог орын алған жағдайға басқа қырынан қарауға көмектеседі.
Күйеуі ұрса да балам үшін деп шыдап жүретін әйелдер бар. Осы жағдайда да ажыраспай, бәріне төзіп жүре беру керек пе?
Мен оған келіспеймін. Бірақ бірден ажырасып кет деп айта алмаймын. Жағдайды түзеп көру керек. Күйеуімен, оның анасымен сөйлеседі ме, ең алдымен психологка немесе сексологқа барады ма, маңызды емес. Менінше, бәрін істеу қажет. Одан кейін мүлдем болмай жатса, ажырасу керек. Өзім әрдайым бірінші барлығын көріңіздер, сосын ажырасыңыздар деп айтамын.
Ажырасуға бәрібір үлгересіздер. Тағы мен мынандай нәрсеге сенемін. Мысалы, кішкентай балаларды алайықшы, олар кімге еркелеу керектігін нақты біледі. Менің балаларым жерге жатып алып, шыңғыруды білмейді. Себебі, олар осы арқылы бәрібір менен ешнәрсе ала алмайтындарын түсінеді. Есесіне апаларының арқасына мініп алады. Дәл сол сияқты ер адам да кімді ұру керектігін біледі. Бетінде мені ұр деп жазылып тұратын әйелдер бар. Ал кейбіреуіне сіз ұрмақ түгілі дауыс көтере алмайсыз.
Әйел адам өзін жақсы көрмегенде, сыйламағанда, оның бетінде мені ұруға болады деген жазу шығады. Ол адамға бұл кезде ешнәрсе, ажырасу да көмектеспейді. Екінші күйеуі де тура сондай болады. Жағдайды түзету үшін әйел адам өз-өзімен жұмыс жасауы керек. Еркек оны көріп, “мына қызға қолды көтеруге болмайды” деп ойлауы тиіс. Қыздарға әрдайым осыны айтқым келеді. Өздеріңізді жақсы көруді үйреніңіздер. Мұның астарында бетала қалаған нәрсені жаса деген мағына жатқан жоқ. Өзіңді жақсы көру деген — ұйқы келсе де, жаттығуға бару, шаршап тұрсаңыз да макияжды сүртіп жату, өзіңізге пайдалы нәрсе істеу. Үнемі көңілдері тоймайтын, шағымдана беретін құрбылар бар. Олардан не пайда? Өзіңді жақсы көру деген — ондай адамдармен араласпау.
Мен 18 қараша күні Smart Point мекемесінде қазақ қыздарына арналған тегін әрі үлкен шара өткіземін. Орыс тілінде де трейнингтер көп, бірақ мен тек қазақ қыздары келсін, өзін жақсы көру деген не екенін түсінсін деп залды жалдап жатырмын. Бірнеше спикерлер болады. Біреу бет күтімі туралы кеңестер береді, екіншісі қалай киіну керектігін, басқасы басынан өткен оқиғасын айтады. Қазақ әйелдері шараға келсе екен деймін. Бар болғаны қазақтың әйелдеріне соққыға жығып жатса, бірден ажыраспай, өз-өзіңмен жұмыс істеуге болатынын түсіндіргім келеді. Неге күйеу ұрады. Неге әйел өзіңе қол көтеруге рұқсат береді. Осыларды түсініп алу керек, содан кейін қадам жасауға көшу қажет.
Сіздің пікіріңізше, қазіргі заманда әйел — мойын, еркек — бас деген түсінік өз құндылығын жоғалтпаған ба, әлі де солай ма?
Менің ойымша, ол шын сияқты. Білемін, кейбір әйелдер бар, оларды ұрмақ түгілі, даусыңды көтере алмайсың. Олар алдап-сулап, үйтіп-бүйтіп еркектеріне өзіне қажетті істі істеткізеді. Мойын сияқты бұрып отырады. Ақылды, өзін жақсы көретін әйел болса, ол тек еркекті өзгертіп қана оймай, дұрыс мотивацияларды да алады. Мен осыған сенемін.
Шетел азаматтарына тұрмысқа шығатын қыздарды, елін, ұлтын сатып кетті деп жазықсыз жазғыратындар бар. Сіз осыған қатысты қандай пікірдесіз?
Егер ол екеуі бір-бірін жақсы көріп тұрса, неге үйленбеске? Бізді бейсаналы түрде басқаратын табиғи түйсіктер бар. Ұлдарда ол ұрпақ қалдыру болса, қыздарда ұрпақ қалдыруға лайықты мықты, күшті еркекті таңдау. Сондықтан біз әдемі, жақсы, бай жігіттерге ғашық боламыз. Өйткені, мынадан жақсы ұрпақ шығады, сосын ол бізді қорғайды деп сенеміз.
Табиғи инстинкттерге келгенде адамдар бір-бірін ұлтқа бөліп жатпайды. Әлем тек еркектер мен әйелдерге бөлінеді. Әйел адамдар бәрібір балаларының аманшылығы мен болашағы үшін қам жейді. Біз тұрмысқа шыққанда бірінші кезекте қан араластырмау керекпіз демейміз, ер адам бізге қаншалықты қамқоршыл бола алатынын ойлаймыз. Намыс — ер адамдардың прерогативасы. Еркектердің табиғаты басқа, әйелдерге қарағанда жігіттерде ол бірінші орында тұрады. Сондықтан олар шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан әйел туралы оқыса намыстанып кетеді.
Егер еркектен беріктілікті сезсек, ол түрік не қытай болсын, маңызды емес, жақсы көріп тұрсақ, біз оған тұрмысқа шығамыз. Бұл – табиғат, аналық сезім. Ал ұлдарда аналық сезім жоқ, сондықтан бізді түсінбейді. Олар қыз бала қан араластырмауы тиіс, ұлттық намыс бірінші орында тұруы керек деп ойлайды. Бірақ, әйел затында табиғаттан ондай түсінік жоқ. Ұлдардан да әйелдің түйсігіндегі дүниелерді таппайсыз. Бұл тұрғыда біз бір-бірімізді бәрібір түсінбейміз. Сол себепен, байқасаңыз қазақ түрікке шықты деген жаңалықтың астында, негативті ұлдар жазады. Қыздар болса, керісінше, түсіністік танытады.
Егер маған шетелдік үйлену туралы ұсыныс білдірсе, арамызда шын махаббат болса, мен неге оған тұрмысқа шықпауым керек? Инстаграмдағы пабликтерде мен туралы не айтылса да, бәрібір. Еш уақытта «жұрт не айтады» деп шешім қабылдаған емеспін. Жұрт дұрыс істесең де, бұрыс істесең де айтады. Қазір сені даттайды, 10 минуттан кейін келсі адамға көшеді. Алайда, комментарий жазатын адамдар менің балалаларымды асырайды ма, не болмаса мемлекет оларды қамқорлыққа алады ма? Еш бірі. Ендеше мені ойламайтын адамдары неге мен ойлауым керек?
Сосын сен ажырасып кетсең, балаларың бар болса, қазақ жігітінің саған үйленуі екі талай. Өйткені ол бойыңнан әйелді емес, мысалы делік 3 баланың анасын көріп тұр. Шетелде басқаша. Ол жерде балаңның бар екеніне түсіністікпен қарайды. Басқа еркектен тудың деген нәрсе жоқ. Сенің қандай адам екенің, сенің құндылықтарың, көзқарасың оныкімен сәйкес екені әлдеқайда маңызды.
Шетелдікке тұрмысқа шығу екі адам үшін үлкен проблема деп санамаймын. Ал қоғам үшін қауіпті көрсеткіш.
Араларында махаббат болмай қыз шетелдің азаматына тұрмысқа шығу арқылы шетелге қашып кеткісі келсе ше? деген сұрақ қойылады. Ол кезде де қыздың құқығы бар екенін ұмытпайық. Өз басым, мен оны сөкпеймін. Себебі, біздің мемлекет халық өзін қауіпсіз жерде өмір сүріп жатқанын сезіну үшін ешнәрсе жасамайды. Алайда басқа жаққа осы жерде бақытсыз сезінгеннен кейін көшу керек деп санамаймын. Бақытты болу өзіңе ғана байланысты деген пікірмен келісемін. Мен Қазақстанда өзімді бақытсызбын деп айта алмаймын. Бақытсыз болсам, ертең Англияға көшсем де сондай боламын. Сондықтан, ертең шетелдің азаматына тұрмысқа шығып, шекара асып кетсем, оның себебі өз елімде бақытсыз болғанымда емес, арадағы шын сезімде жатыр.
Ер адам көзге шөп салса, демек осыған әйелі кінәлі деген пікірмен келісесіз бе? Жалпы, неліктен еркектер жарлары бола тұра жан-жағына қарайды?
Келісемін болғанда, белгілі бір дәрежеде себепші болуы мүмкін деп ойлаймын. Мысалы, маған ұнайтын танымал блогер болатын. Мен оны сұлулықтың эталоны санайтынмын. Оған қарап, әдемілігіне таңғалатынмын. Алайда ол сұлу болса да, күйеуі оның көзіне шөп салды. Осыдан мәселенің сұлулық пен ақшада емес екенін тағы да бір мәрте түсінуге болады. Мүмкін ол, күйеуінің миын жеп қойған шығар. Сондықтан ер адам басқа біреуді іздеген болар. Егер еркек әйелдің жанында өзін қолайсыз сезінсе, ол бәрібір кетіп қалады. Сүйіктісі Анджелина Джоли болса да оны тастайды.
Еркекті ақтап тұрғаным жоқ. Алайда, әйел адам нәзік болып жүруден, өз-өзіне күтім жасаудан қалып, 100 пайыз оның анасына айналып кеткен соң, осындай жағдайлар орын алады. Көп еркектер ол әйел болудан қалды деп айтады. Жігіттерге ана болудың керегі жоқ. Өздерін де онсыз да бар ғой.
Ал әйелдер бала босанған соң, анаға айналып кетеді, сәбиді тамақтандыруға арналған киімдерді көп киеді, күйеуімен жеке қарым-қатынасы да бұрынғыдай болмайды. Ер адам көзбен жақсы көреді, әдемі дене бітімін ұнатады. Табиғатқа қарсы шыға алмайсың. Егер әйел өз-өзін күтпесе, кешке күйеуінен жұмысың қалай деп сұрамаса, нәзіктігін жоғалтса, еркек жан-жағына қарайды.
Бұл ер адамдарды ақтамайды. Саған басқа әйел ұнап жатса да, сезімнен басқа санаң бар емес па? Әйеліңнен мінезінен, түрінен бірдене ұнамай жатса, неге ашық сөйлеспеске?
Айна, сіздің спортпен айналысатыныңызды жақсы білеміз. Жақын арада жүзуден алға қойған жоспарларыңыз бар ма? Спортпен айналысуға қанша уақыт жұмсайсыз?
Аптасына екі рет жаттығу жасаймын. Ол бір жарым сағатқа созылады, сонда спортпен, яғни жүзумен айналысуға аптасына 5 сағат кетеді. Әрине, алға қойған мақсатым жоқ емес. Oceanman деген сайыс бар. Ол жерде 10 шақырым жүзу керек. Келесі жылы осы берілген қашықтықты жүзіп өтетін шығармын, көреміз. Жалпы, ең көп жүзіп өткен дистанциям — алты жарым шақырым. Оған дейін төрт, бес жарым шақырым жүздім.
Cұхбатыңызға рақмет!
Дайындаған: Айару Шаймерден
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!