Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйгерім есімді бойжеткен Франция астанасында қазақ мәдени орталығын ашқан (фото)

Қазақ қызы Әйгерім Ерсайынова Франция астанасы Парижде қазақ мәдени орталығын жүргізіп отыр. Ондағы мақсаты – Қазақстаннан асырап алған балалардың қазақ мәдениетімен сусындап өсуін қолға алу болған.

aigerim

2016 жылдың жазында әйгілі «Тур де Франс» велокөпкүндігінің Париждегі Елисей алаңында өткен дәстүрлі соңғы кезеңінен кейін «Астана» командасының қорытынды отырысына жиналдық. Сена жағасындағы кафе бізді жетігеннен төгілген әдемі сазбен қарсы алды. Ойнап отырған қыз сәлден кейін домбырамен күй әуелетті. Енді бірде қылқобыздан қоңыр саз төгілдірді.

Әлем астанасын қазақы әуенмен тербеген өнерпаздың есімі Әйгерім Ерсайынова екен. Елге оралған соң, Әйгеріммен хабарласуға мүмкіндік болса да, басқа шаруаларға алданып біраз уақыт өткізіп алыппыз. Өткен жылдың соңында телеарналарды аударыстырып отырып Парижде қазақ мәдени орталығы ашылғаны туралы сюжет көріп қалдық. Ұйымдастырушыларының бірі сол Әйгерім екенін білгесін дереу нөміріне хабарлама жібердік. Сөйтсек, Франция астанасына қазақ мәдениетін танытып жүрген қарлығашымыздың өнердегі тағдыры өте қызықты екен.

– 2015 жылы Парижде Қорқыт атаға арналған конференция өтіп, соған Айман Мұсақожаева сияқты белгілі өнер шеберлерімен бірге қобызшы ретінде қатыстым. Конференцияны Д.Қыдырәлі басқаратын Түркі академиясы ұйымдастырды. Маған Париж қатты ұнап қалды. Осында оқығым келді. Астанаға қайтқан соң интернет арқылы іздестіріп, Парижде француз тілін үйрететін орталықты таптым. Анаммен ақылдаса келе, сол орталықта тіл үйреніп, ары қарай осындағы Жоғары өнер мектебінде магистратура оқыған дұрыс деп шештік, – дейді Әйгерім.

– Орталық француз тілін қай тіл арқылы үйретеді? Орыс тілі арқылы ма?

– Жоқ, ағылшын тілі арқылы. Мектеп бітірген соң, Американың Хьюстон университетіне оқуға түстім. Бес жасымнан музыка саласында жүргендіктен, өмірімді мүлде басқа арнаға бұрғым келді. Хьюстонда менеджмент саласы бойынша білім ала бастадым. Бірақ халқымызда «қобызды тастауға болмайды» деген сөз бар ғой. Америкада да елден ала келген қара қобызым жан серігім болды. Түрлі концерттерге қатысып, қобыз тартып, ән айтып жүрдім. Ағылшын тілін осында барынша жетілдірдім. Хьюстонда бір жыл оқыған соң, елге каникулға келдім. Бірақ қайтадан мұхит асуға тіпті ықыласым болмады. Елде қалғым келді. Сөйтіп, Астанадағы Ұлттық өнер университетіне құжат тапсырып, түсіп кеттім. Қобызым Хьюстонда қалған-ды. Кейін таныстарыма алдырып, қобызыммен қайта табыстым.

– Сонда қобызды бала жасыңыздан үйрендіңіз бе?

– Иә. Бес жасымда Алматыдағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке бардым. Кейін А.Жұбанов мектебінде оқыдым. Ол кезде бұл мектептер қабілетті балаларды ерте жастан оқыта беретін. Алғашқы ұстазым прима-қобызшы Ғалия Молдакәрімова болды. Содан кейін Саян Ақмолдадан қобыз үйрендім. Жетінші сыныпта Әлқуат Қазақбаевтан тәлім ала бастадым. Анам фортепиано, домбыра тартатын. Кейін қаржы саласына мойын бұрыпты. Нағашы әжем Үмітхан да өнерден құралақан емес. Шаңқобыз, домбыра аспаптарында ойнайды. Дегенмен ол кісілер кезінде орыс мектебінде оқыды. Бірте-бірте қазақы өмір салтынан алыстап бара жатқанын түсініп, олар мені қазақша мектепке беріп, қазақ ұлттық музыка аспаптарын үйренуіме жол ашты. Өнер университетіне түскен соң, қобыздан бөлек, жетіген, сазсырнай, шаңқобыз аспаптарында ойнауды үйрендім. Бір семестрді Түркияның Кония қаласындағы консерваторияда тәжірибе алмасу ретінде оқыдық. Сонда жүріп түріктердің бағлама аспабын тартуға машықтандым. Бағлама біздің домбыраға ұқсайды. Бірақ жеті ішегі бар, оның бәрі металдан. Сөйтіп, университетте бірнеше аспапта қатар ойнайтын музыкант болуға маманданып қана қоймай, «Тілеп» қобыз квартетінде де өнер көрсеттім. 2015 жылы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен Қорқыт конференциясына да осы біліктің арқасында жолым түсті.

– Әлем астанасында оқып жүрген Әйгерімді әлем азаматы десек те болады екен ғой. Алматы, Хьюстон, Астана, Кония, енді, міне – Париж…

– Иә, солай болды. Парижде бір жыл бойы француз тілін үйрендім де, Жоғары өнер мектебінің продюсерлік және медиа бағытындағы классикалық музыка мен театр факультетіне ІІ курсқа қабылдандым. Осында жүріп Әйгерім Матаева есімді қазақ қызымен таныстым. Ол да өнер университетінің түлегі екен. Пианист. Қазір Славян консерваториясында фортепиано сыныбынан сабақ береді. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, 2016 жылы алғашқы концертімізді өткіздік, Наурыз мейрамын ұйымдастырдық. Бірақ мұның бәрі бір күндік шара ғана болатынын түсініп жүрдік. Парижде қазақ орталығы қажет екенін сезіндік.

– Иә, шынында да, алыстағы Парижге қазақ мәдени орталығы неге қажет?

– Оның қажеттілігі тіпті орасан. Бүкіл Еуропада мұндай орталық мүлде жоқ. Францияда Қазақстаннан асырап алынған балалар өте көп. Солар баратын, өздерінің түп-тамырларымен танысатын ештеңе жоқ екен. Қазіргі ата-аналары, әрине, олардың жеке бөлмелеріне Қазақстанның туын іліп қояды, бірді-екілі қазақ музыкасын тыңдатады, ары кетсе қазақ ертегілерін тауып алып оқып берер. Ата-аналар балалардың шыққан тегін еш жасырмайды, үнемі айтып отырады. Бірақ сол балаларды олар Париждегі орыс мәдени орталығына апарады екен. «Сәл де болса қазақ мәдениетіне жақын» деп ойлайтын болар. Осы жайт бізді қатты ойландырды. Франциядағы қазақ балаларына қазақы орта керек. Ол орталық қазақ киноларын көрсетуге тиіс, қазақ ұлттық аспаптарын үйретуі керек. Қазақы орта болса, балалар тамырынан ажырамайды, қазақша сөйлеп те үйренеді. Осының бәрін саралай келе, Әйгерім екеуміз Қорқыт атындағы қазақ мәдени орталығын ашып, заңды ұйым ретінде тіркедік.

– Қорқыт атынан тіркеудің де өз мәні бар секілді…

– Дұрыс айтасыз. Біріншіден, Қорқыт – ішекті аспаптардың атасы. Екіншіден, бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға. Демек, Париждегі қазақ өнер орталығына түркі халықтары өкілдерінің барлығы келе алады. Білесіз бе, біз қазақ мәдени орталығы деп ашқанымызбен, өзіміздің кеңсеміз жоқ. Қазір «Анатоли» деп аталатын түрік мәдени орталығының бір бөлігін паналап отырмыз. Бұл орталықты доктор Өнгер 30 жыл бұрын ашқан. Өзі түрік азаматы. Көп жылдан бері Парижде тұрады. Францияға белгілі кардиолог. Орталықта түрік тілін, музыкасы мен мәдениетін үйретеді. Біздің ниетімізді білгесін доктор Өнгер өз орталығынан орын босатты. Әр жексенбі сайын осы жерде балаларға қазақ тілі, қолөнер, би, музыка (жетіген, домбыра, фортепиано т.б) дәрістерін өткіземіз. Өнгер мырза біздің жағдайымызды жақсы түсінеді. Азғана ақша төлейміз. Мұндағы үйлерді жалға алу құнымен салыстырғанда біздің төлейтініміз тым мардымсыз.

– Демеуші іздеп көрмедіңіздер ме?

– Табу қиын. Қазақстанның Франциядағы елшілігі аз да болса көмектесіп тұрады. Заттарымызды тасу қажет болса, елшіліктің көліктерін сұраймыз. Дегенмен орталықты ұстап тұру үшін біраз қаржы қажет болатыны сөзсіз. Өйткені соңғы кездері француздарға тұрмысқа шыққан қазақ әйелдері де балаларын біздің орталыққа әкеліп, түрлі үйірмелерге қатыстырып жүр. Яғни орталық бірте-бірте кеңи түсуге тиіс. Парижде Француз қазақтарының қауымдастығы (АКФ) бар. Олар да біздің бастамаларымызды шамасы жеткенше қолдап келеді. Биылғы Наурыз мейрамын осы қауымдастықпен, сондай-ақ Францияда оқып жатқан қазақ студенттерінің «Жас достар» бірлестігімен бірігіп өткіздік. Студенттер көже дайындауға, ұлттық тағамдарды пісіруге қол ұшын тигізді. Олар да елді сағынғанда, қазақша әңгімелескісі келгенде, қазақ күйін тыңдап, әнін естігісі келгенде неге біздің орталыққа тартпасқа? Оның үстіне Қазақстанның жер көлемі үлкен, «жерімізге бес Франция сыйып кетеді» деп мақтанамыз. Бірақ неге әлем астанасы аталып кеткен Парижде қазақ мәдени орталығы жоқ? Міне, осының бәрі біздің орталықтың мәнін зорайта түседі.

– Жақында Қорқыт орталығы ұйымдастырған концертке Еуропада тұратын немесе сол жаққа жиі сапарлайтын өнер иелері қатысқанын да құлағымыз шалды…

– Иә, Еуропада қазақ суретшілері, басқа да өнерпаздар өте көп. АКФ-пен бірге 400 адамға концерт ұйымдастырмақ болып Марат Бисенғалиев сияқты әлемге танымал тұлғаларға ұсыныс жасағанымызда, олар қуана келісті. Білесіз ғой, олар бір концерт үшін өте көлемді сыйақы алады. Біздің концертке бәрі тегін қатысты. Испанияда, Швейцарияда, Англияда тұратын қазақ өнерпаздары, сөйтіп, мерейімізді бір тасытты, біз қолға алған бастамалардың маңызды екенін дәлелдегендей болды. Көрермендеріміз – француздар, жергілікті қазақтар қатты риза болды. Қазақстанның Франциядағы елшісі де келіп тамашалады.

– Енді қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспарымыз өте көп. Жазда Алматыдағы «Бұлбұл» мектебінің концертін Парижде ұйымдастырғымыз келеді. Сондай-ақ орталыққа келетін балаларға арнап французша-қазақша анимациялық хрестоматия шығару да жоспарымыз бар. Оқуымның бітуіне әлі бір жыл бар. Сондықтан әзірше өмірімді Парижбен байланыстыра беремін. Алда не болатынын болжау қиын.

– Бәрі сәтті болсын! Сұхбатыңызға рахмет.

Жас Алаш, Есей Жеңісұлы

Тағы да оқыңыз:

Шымкентте туып Американы бағындырған қазақ жігіті туған жеріне келді

Ғалым: Мәскеу қазақ жігітінің есімінің құрметіне қойылған

АҚШ-та тұратын қазақ жігіті ЭКСПО-2017 көрмесін ерекше жарнамалап жүр (фото)

Талқылау