Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа жіберілді
Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталып, қамауда отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істің сотқа жіберілгені туралы ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Мұхамади мәлімдеді.
“Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды”, – деді қорғаушы.
Кейіннен Астана қалалық соты күдіктілер Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түскенін растады.
Бишімбаевқа ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Ал Байжановқа ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылғаны айтылады.
- Ақтаушылар мен даттаушылар: Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Бишімбаевты қорғап жатқан кімдер
- Басынан 13 рет ұрған: Желіде Бишімбаевтың марқұм әйелін қалай соққыға жыққаны түсірілген видео тарады (видео)
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованың жақындары оның отбасылық өмірі туралы айтып бергені туралы жазылған.