Әйелін азаптады деп сотталған экс-дипломат Сәкен Мамаштың үкімі өзгеріссіз қалды
Фото: Видеодан скрин
Әйелін азаптады деп сотталған экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұрынғы дипломаттың шағымын қанағаттандырмай, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешімді күшінде қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы дипломат 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сәкен Мамашқа жұбайы Карина Мамашты азаптау, яғни жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психологиялық зардап келтіру айыбы тағылды. Қазір олар ажырасып кеткен.
"Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сәкен Мамашқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды", – деді адвокат Данияр Әділов.
2024 жылдың мамыр айында БАӘ-де дипломат болған Сәкен Мамаштың жұбайы Карина Мамаш бейнеүндеу жазып, күйеуінің 10 жыл бойы жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеген. Ол мемлекеттен көмек сұраған еді. Осыдан кейін Сәкен Мамаш шұғыл түрде Қазақстанға қайтарылды. 2025 жылдың 4 сәуірінде ол қамауға алынды.
Карина сот процесі аяқталған соң Мамаш тегін өзгертетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол экс-жұбайының туыстарын қорлау мен жала жабу үшін сотқа беретінін ескертті. Әйелді әсіресе Сәкен Мамаштың отбасы әлеуметтік желілерде оның және олардың ортақ балаларының суреттерін жариялап жүргені ашуландырады.
Өз кезегінде дипломаттың ағасы Нұржан Мамаш Карина Мамашты ұрып-соғу және азаптау фактілерін жоққа шығарады.
Карина Мамаш бұрынғы күйеуінің ағасын сотқа беретінін мәлімдеді
Еске салайық, бұған дейін дипломаттың әйелі Карина Мамаш 5 мамырда Сәкен Мамаш үйіне қонаққа келген әпкесі мен оны ұрып-соққанын айтқан еді. Осыдан кейін сыртқы істер министрлігі Біріккен араб әмірліктері дипломатын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды. 9 мамырда әйел Астанаға оралды. Қауіпсіздік үшін Карина балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналасты. Шенеуніктің әйелі күйеуінен 10 жылдан бері зәбір көріп келе жатқанын айтып, көмек сұраған еді.

Радикализмнен қорғанудың жолы – иммунитет қалыптастыру: Теріс ағымнан сақтануда діни білімнің маңызы қандай
