Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелі күйеуінің қайтқанын 7-8 ай бойы білмеген": Ахмет Байтұрсынов жайында тың деректер анықталды

Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге қудалауға түскен Ахмет Байтұрсынов 1932 жылдың қарашасында Ресейдің Архангельск облысына жер аударылады. Биыл арнайы экспедициямен барған топ сол жерде Ахаң тұрақтаған үйді тауып, тіпті тұтынған заттарының сақталғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасына сілтеме жасап. 


“Үйдің иесі Вера Васильевна деген кісі, сол үйді салған адамның шөбересінің келіні екен. Содан бір үлкен ағаш керуерт, сосын ағаш шкаф жәшік, екіқабатты, мынау сіздердің аталарыңыз тұтынған нәрселер болуға тиісті. Шоқпен қыздыратын темір үтікті сіздердің аталарыңыз қолданған болуға тиіс. Солай көрсетті”, – дейді Ахмет Байтұрсыновтың туысы Ибрахим Ағытайұлы. 

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылында көне ағаш үй бар. Бұл тарихи ғимаратта бір кездері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сабақ бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Академик-ғалым Ақжан Машановтың келтірген деректеріне сүйенсек, ағартушы 1904-1909 жылдары дәл осы жерде дәріс оқыған.

“Ахмет Байтұрсыновтың дәріс бергені жөнінде көпке дейін мойындалмаған ғой. Енді ол кісіні білесіздер, Қоянды жәрмеңкесінде болды, Қарқаралы петициясын жолдады. Ағарту ісін жолға қоюға үлкен қызмет атқарды”, – дейді Ақтерек ауылындағы мектептің директоры Светлана Әбенова. 

Ахаңның жан жары Александра мұсылманша есімі Бәдрисафаның да қилы тағдырының беймәлім тұстары көп. Ұлы тұлғаның сенімді серігі, адал жары туралы өмір-дерек анық емес. Тіпті әлі күнге жерленген жерін де нақ басып айту қиын. Жақында зерттеушілер құнды құжат Бәдрисафаның Горькийдің әйелі Екатерина Пешковаға жазған хатын тапты.

“Бұл хатта ол кісі Пешковаға мынандай сауал жолдайды. "Менің күйеуімді 15 тамызда ұстады. Соден бері хабар жоқ. Сол күйеуімнің қайда екенін біліп берсеңіз" деп хат жолдайды Ал енді бізге белгілісі нақты деректермен айғақталған Ахмет Байтұрсынұлын 37 жылы 8 декабрінде атып тастаған. Демек Бәдрисафа Байтұрсынова өзінің күйеуінің қайтқанын 7-8 ай бойы білмеген”, – дейді филиология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадық. 

Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды алаш қайраткерлерінің сан-салалы мұрасынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз жөн, — дейді зертеуші ғалымдар.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 19 Желтоқсан, 2022 10:40
Талқылау
`