Әйелдерді қолдау орталығы: Өмір бойы таяқ жеп, соңында күйеуіне керек болмай қалған әйелдер бар
Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығының төрайымы Айгүл Дүйсенова отбасыдағы тәрбие мәселесіне алаңдайды. Басшы қара басын күйттеп кеткен ер адамдардың көбейгенін байқаған.
Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлайды.
«Бізге жас келіншектер көмек сұрап келеді. Күйеулерінде жауапкершілік жоқ. Олардың айтуынша, күйеулері отбасының жағдайын жасаудан бас тартқан. Несиеге машина алып, тапқан ақшасын тек өзіне жұмсап жүрген жас әкелер бар болып шықты. Ата-енесімен тұрғандардың да жағдайы осы. Үйде отырған әйелі мен баласын адам құрлы көрмей жатады. Осындай жағдайлар көбейіп кетті. 30 жасқа толмаған келіншектер машина сатып алып қыдырып жүрген жолдастарына көп шағым айтып келеді. Осыларды қарап отырып жігіттердің жауапкершілігі азайып бара жатқанын көреміз. Қазір екі жақтың ата-аналары жастарды татуластыруға жағдай жасамайды», — дейді «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова.
Басшы дағдарыс орталығынан көмек сұрайтын нәзік жандылардың көп екенін жасырған жоқ. Өмір бойына жолдасының соққысына шыдаған әйелдер бар. Олар соңында күйеулеріне де керек емес болып қалған.
«Күйеуінен өмір бойы таяқ жеп келген әйелдер бар. Өмір бойы таяқ жеп сорңында күйеуіне керек болмай қалған келіншек бізге келді. Әйелдің бірнеше баласы бар. Кезінде балалары үшін барлығына шыдап, ажырасудан қорқып жүре берген. Әйел денсаулығынан айырылғаннан кейін күйеуі кетіп қалған. Әйел бізге келіп «мен өмір бойына не үшін шыдадым» деп жылады. Балалары да «Не үшін шыдадың, біздер үшін керек емес еді» деп сөйлеген. Бұл әйел біздің орталыққа бұрын да келген. Психолог мамандарымыз сөйлесіп, әртүрлі жолдарын түсіндірді. Әйел жолдасымен қалуды таңдаған. Бізге келіп, өкініп жылады. Біз көмек сұраған адамға нақты сен былай жаса деп айта алмаймыз. Көмек сұраған адамға бірнеше жолын көрсетеміз. Адам шешімді өзі қабылдау керек», — дейді Айгүл Дүйсенова.