Әйелдер құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова алдағы ірі додаға қатыспайды

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова маусымдағы алғашқы Grand Slam турниріне қатыспайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұны Қазақстан құрамасының бас бапкері Қален Қалиұлы мәлімдеді.
"Парижде өтетін Grand Slam турниріне қыздар құрамасы толық құрамда қатыспайды. Бапкерлер штабы биылғы маусымды Еуропа кубогынан бастауды жөн көріп отыр. Ал Абиба Әбужақынова Ташкентте өтетін Grand Slam турнирінде бақ сынайды", – деді ол Sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 7-8 ақпан күндері Париж қаласында дзюдодан Grand Slam турнирі өтеді.
2025 жылы қазақстандық дзюдошылар әлем және Азия чемпионаттарында, сондай-ақ Grand Slam мен Grand Prix турнирлерінде барлығы 19 жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, әлем чемпионатында бір күміс, Азия чемпионатында төрт қола медаль еншіледі.
Grand Slam турнирлерінде отандастарымыз 3 күміс және 10 қола жүлдеге қол жеткізсе, Grand Prix жарыстарында бір алтын медаль иеленді.
Жылдың басты додасы әлем чемпионатында Абиба Әбужақынова финалға шығып, дзюдодан әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы атанды.
Сонымен қатар, ол 2025 жылғы маусымда әлемдік турнирде алтын медаль жеңіп алған жалғыз қазақстандық дзюдошы болды. Бұл жетістікке Абиба Аустрияда өткен Grand Prix турнирінде қол жеткізді.
Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы