Әйел ең жақын құрбысына қыз туып берді
Аустралия тұрғыны ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмаған жақын құрбысына бала туып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vervetimes басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мельбурннан шыққан адвокат Николь Расселл сәбилі болуды көп жылдар бойы армандады, алайда бала көтере алмады. Николь мен оның күйеуі Эндрю бедеулікті емдейтін дәрігердің көмегіне жүгінді.
Алайда дәрілік ем жұптың балалы болуына көмектеспеді. Екеуінің гендері өте ұқсас болғандықтан, әйелдің денесі эмбрионды қабылдамаған. Николь жүкті болу үшін 60 мың аустралиялық доллар (21,5 млн теңге) қаражат жұмсады.
Ақырында балалы болудан күдерін үзген Николь құрбысы Лоренге мұңын шағады. Сонда Лорен оған СМС арқылы "Қаласаң, сен үшін суррогат ана болып берейін", – деп жазады. Николь мен Эндрю Лореннің ұсынысын талқылау үшін Канберраға келеді.
Лорен үш ер баланы дүниеге әкелген, үш жүктілігі де жақсы өткен. Эмбрионды отырғызу процесі сәтті аяқталып, Лореннің аяғы ауырлады. Жүктілік бірқалыпты өтті. Оныншы аптада ол қыз күтіп жүргенін білді.
Баланың дүниеге келуіне шамамен үш апта қалғанда Николь Канберраға ұшып келді. Сәби аман-сау дүниеге келіп, оған Фрэнки деген есім қойылды.
Қазір Фрэнки төрт жаста. Анасының айтуынша, ол қалай дүниеге келгенін біледі. "Анамның ішінде өсе алмадым, сондықтан әпкенің ішінде өстім деп айтады", – дейді Николь.
Ал Лореннің ұлдары Фрэнкиді қарындасым деп атайды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
