Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тез қабылданды деген наразылықтар туды": Депутат жаңа Конституцияның жарты жыл бойы жазылғанын айтты

Айдос Сарым 

Фото: parlam.kz

Депутат Айдос Сарым жаңа Конституция жобасы бірнеше күннің ішінде емес, қыркүйек айынан бастап жарты жыл бойы әзірленгенін айтты. Жұмысқа сот қызметкерлері, Парламент пен Үкімет аппараттары, мәслихаттар және қоғамдық кеңестерді қосқанда мыңнан астам жұмылдырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, жаңа заң жарты жыл жазылған.

“Бізге кейбір азаматтарымыздың бойындағы сыни көзқарас пен сенімсіздікті еңсеру керек. Мұндай көзқарастың қалыптасуын түсінеміз. Соңғы күндері “талқылаулар өте тез өтті, адамдар аз жиналып, қысқа уақыттың ішінде қабылданды” деген күмәнді пікірлер көп айтылды. Шын мәнінде олай емес. Конституцияға өзгерістерді тек осы залда отырған адамдар ғана жазып, ұсынды деп ойламаңыздар. Бұл жұмыс қыркүйек айынан бастап жарты жыл бойы жүргізілді”, – деді Айдос Сарым.

Оның сөзінше, комиссия құрамына Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың қызметкерлері, Парламенттің, Мәжіліс пен Сенаттың аппараттары, Үкімет аппараты, президент Әкімшілігінің аппараты, мәслихат пен қоғамдық кеңестер кіргенін атап өтті. Яғни, Ата Заңды жазуға мыңнан астам адам атсалысқан.

“Әріптестеріміз осы ғимаратта түнеп, түні бойы осы құжаттарды дайындаған. Неге біз бұл туралы айтпауымыз керек? Сонымен қатар ұсыныстардың өте көп болғанын да еске саламыз. Олар Egov және eOtinish платформалары арқылы келіп отырды”, – деді депутат.

Бұған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев жаңа Конституцияның бір адамның “мәңгілік билік етуіне” жол бермейтінін айтқан еді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 20:05